Түркия телеарналарында қазақстандық фильмдер көрсетіле бастады

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Анкара Елшілігі еліміздің мәдениетін бауырлас Түркияда кеңінен танымал ету жөніндегі іс-шараларды жалғастыруда.

Атап айтқанда, 10 желтоқсаннан бастап апта бойы мемлекеттік «ТРТ» телерадиокорпорациясында түрік тіліне аударылған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың балалық шағы мен жасөспірім кезі туралы «Балалық шағымның аспаны» өмірбаяндық фильмінің, қазақстандықтардың жаңа ұрпағы туралы «Бәйтерек» фильмінің, «Көшпенділер» тарихи фильмінің, отандық кинематографияның алтын қорының туындылары «Тақиялы періште» мен «Қыз Жібек» фильмдерінің көрсетілімі басталды.

Елшіліктің қолдауымен кинофильмдердің дубляжын «ТРТ» телерадиокорпорациясы белгілі түрік киноактерларын тарту арқылы жүзеге асырды.

Көркем фильмдердің түрік тіліндегі премьерасы ү.ж. қазанда Қазақстан  Президентінің ресми сапары қарсаңында «Түркиядағы Қазақстан киносы апталығының» шеңберінде осы елдің кинотеатрларында көрсетілген болатын. Фильмдер түрік көрермендердің үлкен ілтипатына ие болды. Ү.ж. 10-20 желтоқсаны аралығында Түркияның және шетелдің миллиондаған телекөрермендері қазақстандық фильмдердің теленұсқасын көру мүмкіндігіне ие болады.

Түрік жұртшылығының зор қызығушылық танытуы Елшіліктің «ТРТ» мен бірлесіп Қазақстанның жетістіктері, туристік әлеуеті, мәдени-тарихи мұрасы, еліміздің флорасы мен фаунасы туралы қысқаметражды фильмдердің түрік тілінде жергілікті телеарналарда ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан басталған көрсетілімін ұйымдастыру жобасын іске асыруына сеп болды. Қазір «ТРТ» корпорациясымен түрік телеарнасында көрсетілуі көзделіп отырған жаңа бірлескен қазақстан-түрік телесериалын түсіру жөніндегі мәселе пысықталуда.

«ТРТ» телеарнасы Түркияда ғана емес, сонымен бірге әлемнің 50-ден астам елдерінде, соның ішінде Қазақстанға да хабар таратады.

Соңғы жаңалықтар