Түркия Республикасы Премьер-министрі Р.Т.Ердоғанның Қазақстан Республикасына ресми сапары болады

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 22 мамыр. ҚазАқпарат - 2012 жылғы 23-24 мамыры аралығында Түркия Республикасы Премьер-министрі Р.Т.Ердоғанның Қазақстан Республикасына ресми сапары ұйымдастырылады.

Аталған сапар Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың 20 жылдығында жүзеге асырылмақ.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестік қатынастар достық, бауырластық және сындарлы диалог бағытында дамуда. Түркия премьер-министрінің ресми сапары қазақ-түрік әріптестігінің тереңдеуіне, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асыруға жаңа серпін береді.

Түркия Республикасы Премьер-министрі Р.Т.Ердоғанның Қазақстан Республикасына ресми сапары барысында V Астана экономикалық форумына, сондай-ақ қазақ-түрік бизнес форумына қатысуы көзделуде.

Түркия Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады. ҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 2010 жылы 3,2 млрд. долларды құрады. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2011 жылы 3,9 млрд. долларға жеткен.

Түркия Республикасы Премьер-министрі Р.Т.Ердоғанның Қазақстан Республикасына ресми сапары барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында сапардың саяси бөлімінің маңызды құжаты ретінде 2009 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Түркияға сапары барысында қол қойылған Стратегиялық әріптестік шартын жүзеге асыру мақсатында Жоғары деңгейдегі  стратегиялық ынтымақтастық кеңесінқұру туралы мәлімдемеге қол қойылады және «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасықабылданады. Бағдарламаны жүзеге асыру арқылы екі ел арасындағы тауар айналымын 10 млрд. долларға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар, Қазақ-Түрік іскерлер форумында құны 1 млрд. доллардан астам келісім шарттарға қол қойылады.

Қазақстан мен Түркия қатынастарының қарқынды дамуына түрік компанияларының мемлекетіміздегі маңызды құрылыстарды жүзеге асыруы айтарлықтай үлес қосуда. Астана мен Алматы қалаларында салынған Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Назарбаев Университеті, Хан Шатыр сауда және ойын-сауық орталығы, Астана Арена мен Коньки тебу спорттық кешендері, Анкара, Риксос және Интерконтиненталь қонақ үйлері еліміздің бас шаһарларын көркемдікке бөлейтін таңдаулы ғимараттары болып табылады.

Алдағы уақытта түрік компаниялары Қазақстандағы ірі жобаларды іске асыруға ниет білдіріп, қалаларымызда құрылыс нысандарының бой көтеруіне  және сәулеттендірілуіне талпыныс білдіруде. Құрылыс секторындағы ортақ мүдделі ынтымақтастық өз кезегінде екі ел арасындағы сауда және экономикалық байланыстардың нығаюына себеп болуда.

Соңғы жаңалықтар