Түркия мұрағаттар басқармасының басшысы: Қазақ ғалымдарына есік ашық

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның мемлекеттік мұрағаттар басқармасының бас директоры, профессор Угур Үнал қазақ ғалымдарына Осман архивінің есігі ашық екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрменің ашылуы алдында тілшілерге сұхбат берген Түркия Республикасы Премьер-Министрлігіне қарасты Мемлекеттік мұрағаттар басқармасының бас директоры, профессор Угур Үнал көрмеге Османлы мемлекеті мен Орта Азия елдерінің байланыстары туралы мәліметтер барын айтты.

«Соның ішінде Қазақ Хандығының хандарымен Османлы падишаларының арасындағы хаттардың көшірмелерін халыққа ұсынып отырмыз. Әкелінген құжаттардың арасындағы ең маңыздысы - қазақ ханы Қайып хан мен ІІІ Ахметтің арасында бір-біріне жазған хаттары. Бұлардың маңызы бөлек. Құжаттар екі халықтың арасындағы тарихи жадыны жаңалау үшін, соны зерделеу үшін өте үлкен мәні бар құжаттар деп есептейміз. Құжаттардың арасында тек хаттар емес, одан бөлек бір-біріне сый-сияпат тарту еткені туралы мәліметтер, Қайып ханның тарту еткен жылқылары туралы мағлұматтар бар. Маңызды шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған ҚР Ұлттық музейіне, Юнус Эмре институтының ұжымына өте үлкен алғысымды білдіремін», - деді ол.

Профессор сонымен бірге, Осман мұрағаты туралы сөз қозғады.

«Осман мұрағатында қырықтан астам елдің тарихы сақталған. Қазіргі кезде Осман архивінде 95 миллион құжат және 400 мыңға тарта тіркеу дәптері бар. Күн сайын біздің мұрағатымызға екі жүзден астам шетелдік келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Осы ретте қазақ ағайындарға да айтарымыз: Қазақстаннан келген барлық адамдарға мұрағатымыздың есігі айқара ашық. Тарихи құжаттар қол жетімді. Ыстамбұлға келіңіздер», - деді Угур Үнал.

Айта кетсек, бүгін Ұлттық музейде «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастарының құжаттары» атты көрме ашылды. Тарихи құжаттардың арасында Қазақ ханы Мұхаммет Қайып хан мен Османлы сұлтанының 1713 жылы жазылған хаттары бар. Көрме Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен, Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Көрмеге Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтарының қарым-қатынастарын баяндайтын 40 құжат қойылып отыр. Олардың барлығы Түркия мемлекетіне қарасты Османлы мұрағатынан алынған. Құжаттар арасында Қазақ ханы Мұхаммет Қайып хан мен Османлы сұлтанының 1713 жылы жазылған хаттары сияқты деректер Қазақстан халқына тұңғыш рет ұсынылуда.
null 

null 

Соңғы жаңалықтар