Түркия мен Сирияға гуманитарлық жүк жеткізген ұшқыштар марапатталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия мен Сирияға гуманитарлық жүктерді жеткізуге қатысқан Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Президент Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Аса ауыр күндерде Түркия мен Сирияға көмек көрсетуде еліміздің Ұлттық ұланы сырт қалмады. Әрдайым толық жауынгерлік дайындықта болатын ұшу құрамы зардап шеккен мемлекеттерге гуманитарлық жүктерді жеткізуге белсенді қатысты. Олар барлығы алты рейс жасады: Сирияға – төрт, Түркияға – екі. Бұл наградалар Мемлекет басшысының атынан және оның тапсырмасымен берілуде», – деп атап өтті Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Ұлттық ұланның 3656 әскери бөлімінің литерлік авиация отрядының кеме командирі Хабиболла Берікболұлының айтуынша, Сирияға сапар көптеген қиындықтармен өтті.

«Біз Сирияға көмек көрсеткен алғашқы елдердің бірі болдық. Белгілі бір қиындықтар болды, мәселен, елде GPS сигналдары жұмыс істемеді. Осыған байланысты бізге навигациядағы бұрынғы, ескі әдістерді қолдануға тура келді. Радиобайланыс өте нашар болды. Бірақ Сирияда бізді жылы әрі қуанышпен қарсы алды. Қазақстан тұрғындарынан гуманитарлық көмек расымен де, дер уақытында жетті. Дәл сол кезде бізден басқа елдерден құтқарушы әріптестеріміз әлі бармаған еді», - деді әуе кемесінің командирі.

Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов атап өткендей, жеткізілген гуманитарлық жүктердің жалпы көлемі 55 тоннаны құрады. Сонымен қатар апат аймағынан 8 жолаушы шығарылды.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Түркияда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізген мамандар да мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында және Сирияның солтүстігінде жойқын жер сілкінісі болды. Эпицентрі Түркияның Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында орналасты. Аталған елде соңғы мәлімет бойынша, 46,1 мыңнан астам адам қаза тапты, 26 мыңнан астам ғимарат қирады. Құлаған нысандарға қатысты іс бойынша 247 адам қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар