Түркия мен Әзербайжан Парламенттерінің төрағалары Түркі академиясының алтын медалімен марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркия мен Әзербайжан республикалары Парламенттерінің төрағалары бастаған мәртебелі меймандар Халықаралық Түркі академиясына арнайы келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің спикері Мұстафа Шентоп, Әзербайжан Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Октай Асадов, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Невзат Уянык, Әзербайжаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Маммадов, белгілі ғалым, Әзербайжан Ұлттық Мәжілісінің депутаты Жаваншир Файзиев бастаған делегация өкілдері Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, кездесуге ТүрікПА-ның Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, Қазақстан – Түркия парламентаралық достық тобының жетекшісі, депутат Мехмат Әли Жевхери, екі ел парламенттерінің бірқатар депутаттары қатысты.

«Бүгін елордада өтетін Еуразия Мәжіліс төрағалары спикерлерінің жиынына келген Түркия мен Әзербайжан республикалары Парламенттерінің төрағалары Халықаралық Түркі академиясына арнайы келіп отыр. Биыл 10 жылдығы аталып өтіп жатқан Нахчван келісімі мен Нахчван саммиті туралы дөңгелек үстел өтті. Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп бастаған түркиялық депутатттар, Әзербайжан Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Октай Асадов бастаған мәртебелі меймандармен кездесуде жалпы түркі ынтымақтастығындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орны ерекше аталып өтті. Сондай-ақ, ынтымақтастықтың 10 жылдығының даму барысы, Түркі академиясының атқарып жатқан жұмыстары жайлы сөздер айтылды. Ортақ тарих, ортақ әдебиет бағытындағы академияның жұмысына оң баға берілді. 10 жыл бұрын Нахчванда басталған интеграциялық жұмыстардың барлығы, оның бастауында Елбасының тұрғаны аталып өтті», - деді Дархан Қыдырәлі.

Академия басшысы меймандарды Түркі музейімен таныстырып, бірнеше жылдан бері қарқынды түрде жүргізіліп келе жатқан археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесін баяндап берді. Делегация басшылары музейдегі «Қонақтар кітабына» ізгі тілектерін жазып, қолтаңбаларын қалдырды.

Осыдан кейін Халықаралық Түркі академиясының кітапханасында жалғасқан алқалы жиын барысында қатысушылар түркі елдерінің парламентаралық ынтымақтастығы мен тарихи тамырластық, ғылым және білім саласындағы байланыстар жөнінде өз ойларын ортаға салды. Кездесу соңында Дархан Қыдырәлі мәртебелі меймандарға Түркі академиясы шығарған бағалы басылымдарды сыйлады. Құрмет ретінде академия басшысы мәртебелі меймандарды Халықаралық Түркі академиясының Алтын медалімен марапаттап, шапан жапты.


Соңғы жаңалықтар