Түркия компаниясы Қазақстанда алтын кен орындарын іздеумен айналысады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Түркияның тау-кен компаниялары геологиялық барлау бағытында бірлескен жобаны қолға алды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жоба мақсаты – пайдалы қазбалардың перспективалы орындарын анықтау.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Бақыт Шіршікбаев пен D Mineral директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Ильхан Пойраз бірлескен құжатқа қол қойды.

Геологиялық барлау жұмыстары сәтті жүзеге асырылғаннан кейін мүдделі тараптар бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлап отыр.

«Негізгі келісімге қол қойылғаннан кейін екі жақ геологиялық барлауға лицензия алып, бірлескен кәсіпорынды құру жөніндегі жоспарды жүзеге асыруға кіріспек. Осы ретте бірлесіп қолға алынған жоба алтын кен орындарын іздестіруге бағытталатынын айта кетейік. Геологиялық барлау жұмыстарына қаражат бөлуді түркиялық тарап өз жауапкершілігіне алғаны белгілі болды», - делінген ИИДМ баспасөз қызметінің мәліметінде.

Айта кетейік, D Mineral компаниясы Dimin Group (Түркия) холдингінің құрамына кіреді. Негізгі қызмет бағыты – темір кені мен мыс өндіру.




Соңғы жаңалықтар