Түркия Қазақстанда өсімдіктердің генетикалық банкін құруға көмектеспек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия Қазақстанға өсімдіктердің генетикалық банкін құруға көмектеседі. Бұл туралы Қазақстан делегациясының Анкараға сапары кезінде келісілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, 2022 жылы 10 қарашада Шымкент қаласында Қазақстан мен Түркияның арасында тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек бастаған қазақстандық делегация аталған келісімді одан әрі іске асыру үшін Анкараға келді.

Осы орайда бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелері талқыланып, ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымын өндіру және сертификаттау қызметін құру процестерін жолға қою бойынша тәжірибе алмасу жөнінде уағдаласты.


Сонымен қатар Әбілхайыр Тамабек аурулар мен зиянкестер бойынша тұқымға талдау жүргізуде зор тәжірибесі бар Түркия Республикасының «TSUAB» тұқым өсірушілер қауымдастығы, «TMO» астық одағы мен «TUAB» тұқым саласындағы сертификаттау қызметінің кеңселеріне барды.


Бұған қоса, қазақстандық делегация Түркия Республикасының Ұлттық генетикалық тұқым банкінде болды. Кездесу барысында Қазақстанда осындай генетикалық банкті құру бойынша консультациялық көмек көрсету туралы келісімге келді.

Бұл саладағы ынтымақтастық мәселелері алдағы уақытта тұқым шаруашылығы бойынша өтетін халықаралық бизнес-форумының алаңында екіжақты кездесулер аясында талқыланады деп жоспарланып отыр.


Фото: gov.kz


Соңғы жаңалықтар