Түркия Қара теңізден тағы бір ірі газ кен орнын тапты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркия Қара теңізде көлемі 135 млрд текше метр жаңа газ кен орнын анықтады. Бұл туралы ел президенті Режеп Тайып Ердоған мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Біздің «Фатих» бұрғылау кемесі «Сакарья» учаскесінің Амасра-1 ұңғымасында көлемі 135 миллиард текше метрді құрайтын табиғи газ жаңа кен орнын анықтады», - деді Түркия елінің президенті Режеп Тайып Ердоған.

Мемлекет басшысы Түркияның Қара теңізде анықтаған табиғи газ қорының жалпы көлемі осымен 540 миллиард текше метрге жеткенін атап өтті.

Ол Амасра-1 ұңғымасы ауданындағы бұрғылау жұмыстары жалғасып отырғанын және ел билігі бұл аймақтан «жаңа жақсы жаңалықтарды» күтіп отырғанын мәлімдеді.

Президент Ердоған сондай-ақ табиғи газды теңізден құрлыққа үш кезеңмен жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Оның айтуынша, бірінші кезеңде табиғи газды теңіз түбінен өндіру жүйелері орнатылады, ал екінші кезеңде табиғи газды құрлықта өңдеп, оны пайдалануға дайындайтын құрылғыны іске қосу жоспарланған.

«Үшінші кезең – бұл теңіздегі жүйе мен құрлықтағы нысан арасындағы байланысты қамтамасыз ететін құбыр желісі», - деп баяндады Түркия президенті.


Соңғы жаңалықтар