Түркия қалаларының 10 мыңнан астам көрермені Қарағанды оркестрінің концертін тамашалады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Тәттімбет атындағы Қарағанды қазақ халық аспаптар оркестрі 16–27 қыркүйек аралығында Түркияда гастрольдік сапармен болып қайтты.

10 мыңнан астам көрермен алдында қарағандылық орындаушылар домбыра мен қобыз арқылы «Ұлы Дала тарихын» саз арқылы баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Музыканттарды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайын мерекелеу аясында шығармашылық турнеге шақырды.

«Біз құрылтайға қатыстық, сондай-ақ Алания, Анталия, Хатай, Газиантеп, Ыстанбұл және Конья қалаларында концерттер бердік. Оркестрдің концерттерін Түркияның 10 мыңнан астам көрермені тамашалады. ЭКСПО-ның ашылуына дайындалып жатқан Хатайда амфитеатр залын бірінші болып сынап көру сәті түсті, дегенмен онда құрылыс жұмыстары әлі жүріп жатыр. Бізге ЭКСПО-ның ашылуында да өнер көрсету туралы ұсыныс түсті. Бірақ бұл тек жоспарда», – дейді Қ. Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің жетекшісі Талғат Ыдырысов.

Көптеген түрік көрермендерін қазақ халық аспаптарының үні таң қалдырды. Гастрольдегі оркестрдің концерттік бағдарламасы әр түрлі болды.

«Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттімбет, Махамбеттің күйлері мен Тілендиевтің әндерін орындадық. Сонымен қатар белгілі түрік композиторларының шығармалары, түрік әндеріне попурри орындалды. Көрермендерге өте ұнады, олар ән айтып, би биледі», – деді Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің дирижері Ерлан Бақтыгерей.


Соңғы жаңалықтар