Түркия халқы Наурызды қалай атап өтеді

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат – Түркияда күн мен түннің теңелуін ән мен би билеп, оттың үстінен секірумен, темір соғумен тойлау әдетке айналған. Осылайша, Анкараның халқы ең тығыз орналасқан аудандарының бірінде Наурыз мейрамы кең көлемде тойланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркия астанасында көктем мерекесіне орай ұйымдастырылған мерекелік шара оннан астам ұлттың басын қосты. Наурыз мейрамында әр ел өзінің ұлттық тағамдарын, әдет-ғұрыптарын ұсынған шатырлар тігілді. Халыққа арналған мерекелік шараның соңы дәм таратумен аяқталды. Қазақтың киіз үйінде Наурыз көже, бауырсақ, туралған жылқы етінің таратылғаны жергілікті халықты таңқалдырғандай болды.

Наурыз мейрамының Түркияда тойлануын қарастыратын болсақ, ол ежелгі Селжұқ мемлекеті мен Осман империясы дәуірінен бастау алады. Аңыздарда айтылғандай, бұл түркі жұртының қоршаудан құтылған күні. Яғни, бұл күні түріктер айналасы таумен қоршалған аумақ – Ергенеконнан шықты. Сондықтан Наурызды түркілер жаңалықтың бастауы ретінде қабылдады.
«Новруз» сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Қазіргі Түркия аумағындағы мерекенің өзі әдетте Невруз байрамы, ал белгілі бір жерлерінде Навруз-и сұлтан, Сұлтан невруз деп аталады. Сонымен қатар, Наурыз мейрамы Түркияда Орталық Азиядағы тойлардан өзгеше ерекше сипатқа ие. Оның маңыздылығы орналасқан жеріне байланысты өзгереді. Мысалы, елдің батыс бөлігінде ол көбіне тойланбаса, шығысында бұл ұлттық өзін-өзі таныту мерекесі.


Ұзақ уақыт бойы бұл мерекеге елде саяси себептермен тыйым салынды. Бауырлас халықтардың жақындасуы мен түркі интеграциясына байланысты Наурыз мейрамы кеңінен тарай бастады.
Алайда, жалпыға бірдей мереке жоқ, оны тек Орталық Азиядан келген түркі ұлттары, сондай-ақ елдің жекелеген аймақтарындағы ирандықтар, күрдтер, түріктер ғана кеңінен тойлайды.
Мереке түркі халықтары Жаңа жыл ретінде тойлайтын күнге, наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түнге тұспа тұс келеді. 23 наурызда олар әдетте туыстары мен жақындарының зиратына барады. Осы уақытқа дейін қазақ, әзірбайжан, қырғыз, түркімен, өзбек, татар және ұйғырлардың үлкен диаспораларының арқасында Орталық Анадолыда көктем мен жаңарудың келуі сияқты ең таныс мерекемен жеңіл көңіл көтеру қарастырылады.
Мысалы, түріктер мен күрдтер бірігіп ұлттық халай биін билейді. Олар от жағып, оның үстінен секіреді, дефне ағашының жапырақтары мен бұтақтарын өртеп, барлық жамандықтан тазартады. Олар сондай-ақ күш пен қуаттың символы болып табылатын темірді соғады. Ата-бабалары түрікмен болған Ерюк түріктері мерекеге дайындықты бір күн бұрын бастайды, киім-кешектерін жуып, үйлерін жинап, тамақ дайындайды. Мереке күні қонақтарға ұсынылатын тағамдар арасында әрқашан шпинат бәліштері мен дәстүрлі тәттілер бар. Сондай-ақ бұл күні жақын туыстар, көршілер бір-біріне қонаққа келіп, мерекемен құттықтайды. Мереке күні таңертең адамдар дұғалар оқып, сүт ішіп, зиратқа барады. Осыдан кейін олар «неврузие» деп аталатын өлең жолдарын оқиды.
Газиантеп пен оған жақын аймақтарда 22 наурызды «Сұлтан невруз» деп атайды. Халық нанымы бойынша, наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түні белгісіз сағатта аспаннан шығыстан батысқа қарай білезіктерін қағып, қолына құрсау ұстаған сұлу қыз өтеді. Сондай-ақ, бұл түні ұйықтамасаң, барлық тілектерің орындалады деп саналады. Сондықтан үйдегі барлық ыдыстар сумен толтырылған. Адамдар түнін құлшылықпен өткізеді. Мереке таңында адамдар табиғатқа шығады.


Диярбакыр қаласында халық Наурыз мерекесін керемет шаралар ұйымдастырып тойлайды. Шығыс Анадолыда мереке алдындағы түн қасиетті болып саналады. Бұл түнде барлық жанды, тіпті жансыз заттар Алла Тағалаға сиынады деген сенім бар. Дәл осы уақытта әрбір адамның келесі жылғы тағдыры анықталады деп саналады.
Карс провинциясында «баджа-баджа» деген салт бар. Дәстүр бойынша бұл күні ауыл балалары ауылды аралап, ән салып, тілектерін айтып, үй иелері оларға жеміс-жидек, тәтті тағамдар береді.

Тунджелиде бұл күні ерлер маңдайларына қара бояу жағып, су көзіне барады. Ондағы сумен маңдайдағы қара бояуды жуып, Алла Тағаладан шапағат тілеп, дұға оқиды. Сонымен қатар, бұл өңірде жамандық, қиыншылық, күнәдан арылу үшін жасалатын әдет-ғұрыптар көп. Ал Түркияның орталық бөлігінде Наурыз мейрамы Юлиан күнтізбесі бойынша 21 наурыз 9 наурызға сәйкес келуіне байланысты «Тоғызыншы наурыз» деген атаумен тойланады. Өзге өңірлердегідей, олар таңертең ерте тұрып, жақындарының бейіттерінде зиярат етіп, Алладан мейірім мен тілектерінің орындалуын сұрайды.

Сонымен қатар Түркияда күн сәулесі ағашты бұзбауы үшін ағаш бұтақтарына лента байлау сияқты рәсімдер бар. Бұл дәстүр «март иплиги» деп аталады. Гиресун провинциясында оны «март бозуму» деп атайды. Бұл ырымды орындау кезінде ағашқа лента байланған соң бұлақтан үйге су әкелініп, жолы болған қонақтың келуін күтеді.
Текирдагта түріктердің Наурыз мерекесі қыстың аяқталуы, көктемнің келуі болып саналады. Бұл аймақта бұл мереке «Невруз шенликтери» деген атпен тойланады.
Мерекелік шаралар арасындағы кейбір айырмашылықтарға қарамастан, түрік мәдениетінде наурыз айы жаңару, ояну және гүлдену кезеңі болып саналады. Түркияның әр өңірінің халқы Наурыз мерекесін бір мезгілде өзінше тойлайды. Мұнда да бұл мерекені өз мәдениетінің бір бөлігі деп санайды.


Соңғы жаңалықтар