Түркия футбол суперлигасында екі команда жарысты жалғастырмайтын болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия жерінде болған жойқын зілзала сол елдің футбол саласына да кері әсерін тигізді. Табиғи апат болған аймақта орналасқан екі қаланың атынан суперлигада сынға түсетін «Хатайспор» және «Газиантеп» командалары біріншіліктің қалған ойынын жалғастыра алмайтынын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл суперлигада барлығы 19 команда ойын көрсетіп келе жатқан болатын.

Екі клубтың аталған шешімінен кейін қатысушы саны 17-ге қысқарды. Доп додасы 17 ақпаннан бастап қайта жалғасады.

«Газиантеп» командасының басшылығы аталған шешімін ресми сайтында ауыр апаттан кейін футбол жайында айтудың өзі ауыр екенін айтып, қазіргі уақытта спорттық қызметін жалғастырудың мүмкіндігі жоқ екенін жеткізді. Осыған байланысты команда 2022/2023 жылғы маусымда Түркия суперлигасы мен кубогынан бас тартатынын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта «Газиантеп» суперлигада 10-орында келеді. Дегенмен команда еурокубокқа қатысу мүмкіндігінен гөрі төменгі лигаға түсіп қалуға жақын.

Түркия кубогында ширек финалға дейін жетті. Жарыстың аталған сатысында 28 ақпан мен 4 наурыз күндері «Сивасспор» клубымен ойнауы тиіс болатын.

«Газиантеп» сапында Қазақстан құрамасы мен Италияның «Милан» клубының бұрынғы жартылай қорғаушысы Александр Меркель ойын көрсетті. Сондай-ақ, румыниялық Александру Максим команда намысын қорғады.

Ал «Хатайспор» аталған елдің футбол федерациясына өз шешімін 6 ақпан күні жария етті.

Аталған команданың бірнеше өкілі зілзала салдарынан зардап шекті. Команда сапындағы Бурак Оксюз, Бертуг Йылдырым және Керим Алыджи табиғи апат салдарынан болған тұрғын үйіндісінен құтқарылды.

Оған қоса құтқарушылар бапкерлер сапындағы Экрема Экшиоглу және Османа Атештің де өмірін сақтап қалды.

«Хатайспор» командасы «Газиантеп» секілді ел біріншілігінде төменгі орындарда келе жатты. Аталған ұжым қазіргі сәтте 14-орында тұр.

Клуб сапында марокколық Аюб Эль-Кааби сынды белгілі ойыншылар бар. Ал Англияның «Челси» және Гана құрамасында ойнаған Кристиан Атсу зілзала салдарынан болған үйінді астында қалып қойды.

Дәл осындай жағдайға «Хатайспордың» спорттық директоры Танер Савут та ұшырады. Құтқарушылар әлі күнге дейін оларды таба алмай отыр.

Қолдағы мәліметке сәйкес «Газиантеп» және «Хатайспор» командаларының біріншіліктегі қалған ойындарына техникалық жеңіліс жазылады.

Соған қарамастан олар суперлигадағы орнын сақтап қалады.

Еске сала кетейік, 6 ақпан күні Түркияның Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен жер сілкінді.

Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді. Артынан 648 афтершок болған.

Президент Режеп Тайип Ердоған Түркияда жеті күнге жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады. Ел аумағында барлық мемлекеттік ту түсірілді.

Зілзаладан қаза тапқандар саны 31 мыңнан асып кетті.


Фото: BSR AGENCY/GETTY IMAGES


Соңғы жаңалықтар