Түркітілдес елдердің бірлескен анимациялық жобасын жасау ұсынылды
2022 жылғы 12 тамыз 20:37

Түркітілдес елдердің бірлескен анимациялық жобасын жасау ұсынылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әзербайжан Қазақстанның анимациялық фильмдер шығару жөніндегі тәжірибесіне қызығушылық танытады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров пен Әзербайжан Республикасы Президентінің көмекшісі – Президент Әкімшілігі сыртқы саясат бөлімінің жетекшісі Хикмет Гаджиевтің онлайн кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомство сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қазақстанның Әзербайжанмен ынтымақтастығы және даму перспективалары, атап айтқанда қазақстандық анимациялық-мультипликациялық фильмдерді дистрибуциялау, сериалдық және деректі өнімдермен алмасу, қазақстандық телеарналарды Әзербайжан аумағында тарату мәселелері талқыланды.

«Біз өз тәжірибемізді ортаға саламыз және әзербайжандық әріптестер үшін анимациялық-мультипликациялық фильмдер жасау бойынша оқыту курстарын ұйымдастыруға дайынбыз», - деді Асқар Омаров.

Сондай-ақ, министр алдағы іс-шаралар аясында түркітілдес елдердің жастар саясатының презентациясын жасап, ынтымақтастықты нығайтуды ұсынды. Сонымен бірге, әзербайжандық мамандарды Орта Азиядағы басты шара – Astana Media Week-ке шақырды.

Өз кезегінде Әзербайжан тарапы түркітілдес елдердің бірлескен анимациялық жобасын жасауды ұсынды, сондай-ақ Қазақстан тарапына өзінің телевизиялық контентін беруге дайын екендігін білдірді. Қазақстанның анимациялық фильмдер шығару жөніндегі тәжірибесіне қызығушылық танытты. Сонымен қатар, Хикмет Гаджиев Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы жастар ынтымақтастығын дамыту жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды.


Фото : gov.kz

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT