Түркістанның Созақ ауданында бір күнде 4 автобус жолда қалды

None
None
СОЗАҚ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Созақ ауданында қар құрсауында қалған 4 жолаушылар автобусы мен 4 жеңіл көлік құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысы аумағында бірнеше күн бойы соққан боран мен қалың қар көліктердің жүруіне кедергі келтіріп, жолда қалдырды.

Ауыр жүк көліктері мен жеңіл машиналар жол жиегіне шығып кетіп, тіпті кейбірі бір-біріне соқтығысқан. Ауа райының қолайсыздығын ескерген өңірдің тәртіп сақшылары республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға жұмылдырылды. Тәулік бойына күшейтілген режимде жұмыс істеген полицейлер барынша тұрғындарға сақ болулары мен үйден шықпауларын ескертті. Ал, жолда қалған жолаушыларды қызметтік көліктерімен жылы орындарға жеткізді. Сондай-ақ қарға батып, жүре алмай қалған көліктерге қарын күреп, қайтадан жүріп кетуіне ықпал жасады.

Мәселен, Созақ аудандық полиция бөлімінің полиция қызметкерлері «Ұланбел-Созақ-Екпінді» тасжолында қар құрсауында қалып қойғандарға қол ұшын созды. Бір тәулік ішінде 4 автобус, 4 жеңіл автокөлік жол шетіне шығып қалған. Тәртіп сақшылары 100-ден астам жолаушыны құтқарып, үй-жайларына жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Созақ ауданында қар құрсауында қалған 50 жолаушыға көмек көрсетілген еді.




Соңғы жаңалықтар