Түркістанның облыс атануы Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығына серпін береді - Дархан Қыдырәлі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркістанның облыс орталығы атануы рухани жаңғырудың үлкен нәтижесі. Мұндай пікірді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркістанның облыс орталығы атануы шын мәнінде рухани жаңғырудың үлкен бір нәтижесі деп ойлаймыз. Себебі Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында тарихи сананың жаңғыруы, ұлттық код жайында айтылған болатын. Ал Түркістан ұғымы да біздің ұлттық кодтарымыздың бірі. Мағжан Жұмабаев: «Түркістан - екі дүние есігі ғой, Түркістан - ер түріктің бесігі ғой» деп жырлаған. Яғни, бұл тек қана қаланың атауы емес, үлкен ұғым болатын. Бүкіл түркі әлемін біріктіретін атау еді. Міне, сол атаудың қайта жаңғырып жатқандығы бізді қуанышқа бөлеп отыр», - деді Дархан Қыдырәлі.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы аталып өтпек. Осындай атаулы датамен Түркістан қаласының облыс орталығы атануының тұспа-тұс келуі де өте қуанышты жағдай.

«Жалпы, кезінде Түркістан Орталық Азияның атауы ретінде пайдаланылған. Түркістан генерал губернаторлығы болды. Одан кейін Түркістан өңірі деп аталды. Ендігі уақытта Түркістан облысы Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Орталық Азия елдерінің де ынтымақтастығына зор серпін береді деп ойлаймын. Жалпы Түркістанның облыс орталығы атануы тек қана қазақ халқы үшін ғана емес. Сонымен бірге бауырлас көрші мемлекеттер үшін де өте қуанышты жаңалық деп естептеймін. Құтты болсын», - деді Халықаралық Түркі академиясының президенті.

Соңғы жаңалықтар