+7 (701) 759 90 19
USD 425.3 EUR 501.05
RUB 5.85 CNY 65.88
Jańalyqtar

Түркістанның қазіргі деңгейі үшін Елбасы еңбегін қалай бағаласа да жарасады - Дархан Мыңбай

2021 жылғы 25 мамыр 12:33
Бөлісіңіз:
Түркістанның қазіргі деңгейі үшін Елбасы еңбегін қалай бағаласа да жарасады - Дархан Мыңбай

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістанды қазіргі деңгейге жеткізгені үшін Елбасы еңбегін қалай бағаласа да жарасады. Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай Түркістанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнатуға қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, түркі әлемі үшін ортақ жобалар бар. Жақында «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы: интеграция және ынтымақтастық перспективалары» атты халықаралық конференцияға қатыстық. Менің ойымша, қазіргі кезде түрлі экономикалық байланыстар артып жатқан кезде, Түркістанның бүкіл түркі жұртының қара шаңырағы мәртебесі тұрғысында осы жердің жаңа дәуірін бастауға мүмкіндік беріп отырған Елбасының тарихи шешімі мыңызды деп ойлаймын. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Сондықтан Түркістанды жаңа дәуірге бастаған, соған мүмкіндік жасаған, барша түркі мемлекеттерінің басшыларын иландырған Елбасының еңбегі өте орасан. Бұған дейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті бұл шешімді бұрыннан ойында жүргенін де айтқан болатын», - деді Д. Мыңбай.

Депутаттың пайымынша, Түркістан ұғымы қазақ үшін әрі түркі әлемі үшін облыс орталығы немесе қала деңгейінен де ауқымды.

«Атап айтқанда, іске асырылып жатқан шаруалардың барлығына түрткі болған, соған серпін беріп, мүмкіндік жасаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа халықтың марапаты әрі ықыласынан туып, ескерткіш қойса, сондай-ақ Түркістанды осындай деңгейге жеткізгені үшін еңбегін қалай бағаласа да жарасады деп ойлаймын», - деді Дархан Мыңбай.

Оның сөзіне қарағанда, Түркістан бүкіл түркі жұртының рухани қатынастарын, қара шаңырағын сақтап қалған.

«Яғни, бұл тұрғыда рухани байланыстарын, рухани терең тамырларын сақтап қалған осы жер. Мұны барша түркі әлемі мойындап отыр. Түркістанның тұтас тарихы тек бірлікке қызмет еткен. Түркістан біздің жаңа дүниетанымымыздың баспалдағы болады. Қазір ықпалдасу дәуірі екенін ескерсек, түркі елдері осы процестен тыс қала алмайды. Сондықтан осы жер ықпалдасудың, бір мүдде танытудың, бірлікке қадам басудың маңызды бастауы болады деп ойламын. Түркістанның жаңа дәуірі тарихты да, бүгінімізді де, болашағымызды да сабақтастырып тұрады», - деді Дархан Мыңбай.

Айта кетейік, ТҮРІКСОЙ-дың Бас хатшысы Билал Чакыджи «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы: әріптестіктің интеграциясы мен келешегі» атты халықаралық онлайн-конференцияда Түркістанда Елбасына ескерткіш орнату керектігін айтқан еді.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Руслан Ғаббасов

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT