Түркістанның әкімі коммуналды қызмет саласы жұмысшыларын марапаттады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің бастамасымен «Ел алғысы – еңбекке» мерекелік акциясы ұйымдастырылды. Аталған шара барысында шаһар басшысы коммуналды қызмет саласы жұмысшыларын марапаттап, құрмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәулік бойы елге қызмет көрсетіп, қаланың тазалығы мен абаттандыру және өзге де коммуналдық салаларында жұмыс істеп жүрген 12 азаматқа қала әкімінің алғыс хаты тапсырылды.
«Сіздердің тындырымды тірліктеріңіздің, уақытпен санаспай атқарған жұмыстарыңыздың нәтижесінде қала қонақтары Түркістанның әсем кескін- келбетіне тамсанып қайтуда. Еңбектің озат үлгісін танытып, қаланың көркейіп гүлденуіне сіңірген еңбектеріңіз үшін әрбіріңізге зор құрметпен алғысымды білдіремін. Еңбекке лайықты құрмет көрсету арқылы ғана біз оның бағасын көтереміз. Жұмысшылар өздерінің қоғамның аса маңызды бөлігі екенін сезінуі керек. Жыл бойы бейнеттің бел ортасында жүрген азаматтарға қандай мереке жасап берсек те жарасады!», – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Сонымен қатар жиында тазалық пен абаттандыру саласында талмай еңбек етіп жүрген бригадирлер – Аят Сыздықова мен Мадияр Әбдраевты, өндіріс бөлімінің инженері Айжан Абдиатованы және аула сыпырушы Өмірбек Сыдықовты «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. 5 азамат қалалық мәслихат хатшысының алғыс хатын иеленді. Жалпы «Ел алғысы – еңбекке» мерекелік акциясы аясында 300-ден астам еңбек адамына арнайы сыйлықтар берілді.


Соңғы жаңалықтар