Түркістанға салынған қаражаттың 77%-ы – жеке инвестициялар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласында қандай нысандар салынатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркістан қаласын әрі қарай дамуының 2-кезеңіне келсек, Түркістан 4 аумақта дамитын болады. Бірінші – әуежай аумағында 12 жоба іске асырылады. Оның ішінде, қонақ үйлер, әуежайға қызмет етеін арнайы нысандар, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, ірі қара бордақылау кешені, 1 200 малға тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады», - деді Ө. Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Екінші аумақ – әкімшілік-іскерлік орталығы, мұнда 57 жобаны салу жоспарлануда. Атап айтқанда іскерлік аймақта 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтер пайдалануға беріледі. Денсаулық сақтау, спорт, мәдениет нысандары іске қосылады.

«Үшінші аумақ – Б. Саттарханов даңғылында спорт кешені, Яссы желілік саябағы және 182 га университеттің ботаникалық бағы салынады. Ал төртінші аумақ – Мәдени-рухани орталық деп аталады. Бұл жерде де Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, Керуен сарай тұрғын үй кешені, Аманат коттеджі қалашығы, Medina Palace қонақ үйі, Қылует мәдени-рухани орталығы салынады», - деді әкім.

Жалпы Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн теңге болса, оның 1 трлн теңгесі немесе 77%-ы жеке инвестициялар болған.

«Жаңа кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар», - дейді Ө. Шөкеев.


Соңғы жаңалықтар