Түркістанға Корея медицина орталығының жұмыс тобы келді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысына Корея медицина орталығының жұмыс тобы келді. Кездесу барысында облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы мен Пучон қаласындағы Сунчонхян медициналық орталығының профессоры, онкологиялық әрі халықаралық хирургтар қоғамының ресми мүшесі Ким Хен Чоль арасында екі жақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Меморандумға сәйкес, облыстың онколог-дәрігерлері жылына екі рет Корея елінде біліктілігін арттыратын болды. Сондай-ақ түркістандық науқастарға әлемге танымал медициналық орталықта тегін көмек көрсетіледі.

Айта кетейік, профессор Ким Хен Чольдың медицина саласында жеткен жетістіктері көп. Ол Барселона Испан медициналық университетінің бас профессоры, Халықаралық Гепато-панкреато-Биллиарлық қауымдастығының, Азиядағы эндоскопиялық және лапароскопиялық хирургтар қоғамының ресми мүшесі. Жоғары білікті дәрігер өт тас ауруы, өт шығару жолдары, бауыр обыры, ұйқы безі обыры, лапароскопиялық операциялар, сүт безі обыры, эндокринологиялық хирургия, бүйрек және бауыр трансплантациясы сияқты күрделі емдеу мен операцияларын жасайды. Профессор 2011 жылдың маусым айында Кореяда бірінші болып қан құюсыз бауыр трансплантациясы бойынша жоспарланған отаны сәтті өткізген. Профессор Түркістан қаласының Орталық қалалық ауруханасында өткен семинарға да арнайы қатысып, облыс дәрігерлерімен бауыр обырын емдеу бойынша тәжірибесімен бөлісті. Соңынан науқастарды қабылдап, дәрігерлік кеңес берді.

Соңғы жаңалықтар