Түркістандықтардың 90 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жоспар 2018 жылы 110,1 пайызға орындалды. Бұл туралы бүгін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз жиынында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Былтыр бағдарлама шеңберінде 63270 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру керек болса, жыл қорытындысымен 69682 адам еңбекке орналасып, жоспар 110,1 пайызға артығымен орындалған.

Тұрақты жұмыспен қамтылғандардың үлесі 89,5 пайызды құрады. Бұл, республика деңгейінде жоғары көрсеткіштердің бірі. Жалпы, бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген 12,8 млрд теңге толығымен игерілді.

2018 жылғы жұмыстарын қорытындылаған басқарма басшысы аталған жұмыстар 3 бағыт бойынша жүзеге асырылғанын айтты.

«Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде 7953 адамды оқуға жолдау жоспарланған. Олардың қатарында техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпеген және оқу орындарына түспеген мектеп түлектері, яғни 24 жасқа дейінгі жастар да бар. Азаматтарды қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдау барысында ауылға бірінші кезектегі мамандықтарды оқыту ескеріліп, 2588 азамат «Әр ауылға өз шебері» жобасы бойынша оқуға жолданды. Екінші бағыт жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2313 адамды қамту жоспарланып, нақты 2425 адам қамтамасыз етілді. Үшінші бағыт халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту шеңберінде 58617 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған немесе жоспар 112 пайызға орындалды», - деді Мұхит Баймұханбетұлы.

Өңірдегі жаңадан ашылған жұмыс орындарының 19822-сі немесе 64 пайызы - тұрақты, 11179 орны 36 пайызы уақытша жұмыс орындарына жатады. 2018 жылға жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тартуға 265 квота бөлінген.

Сондай-ақ, Республика бойынша бөлінген 1706 квота негізінде облыста 455 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударып, квотамен, көшу үшін берілген субсидиямен қамтамасыз етілуде. Қоныс аударған 1768 адамның 845-і еңбекке қабілетті болса, 630-ы жұмыспен қамтылған, 8-і жеке кәсіппен айналысады, ал қалған 285 адам зейнеткерлер мен балалар.

2018 жылы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 190,4 мың адамға көрсетілетін жоспарланып, қаржы қажеттілігі 16,4 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде 8,0 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен бөлініп, толығымен игерілді.

Облыста 90 998 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. 2018 жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында 8,5 млрд. теңге жұмсалып, өткен жылмен салыстырғанда 1,3 есеге ұлғайды.

Соңғы жаңалықтар