Түркістандық журналистер СҚО-ға қоныс аударғандардың тұрмысымен танысты

None
None
М.ЖҰМАБАЕВ АУДАНЫ. ҚазАқпарат - Түркістандық БАҚ өкілдері баспасөз конференциясынан соң бірден Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданындағы Октябрьское ауылына ат басын тіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Бұл ауылда орта мектепте «Алғашқы әскери дайындық» пәнінен сабақ беретін Мақсат Есжанов атты азамат тұрады. Ол мұғалімдікпен қатар, шағын шаруа қожалығын ұстайды. Қазіргі таңда 10 сиыр бағатын Мақсат «Игілік» ӘКК-ге сүт өткізіп отыр.

М.Жұмабаев ауданының сұлу табиғаты ауыл шаруашылығына өте қолайлы болғандықтан, бұл өңірге оңтүстіктен көшіп келетін көпшілік мал ұстап, егінмен айналысқанды жөн көреді.

Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан ақпараттық тур аясында «Сулышоқы» ауылына келген журналистер қауымы «Жәнібек» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Оңтүстіктегі халқы тығыз қоныстанған өңірден солтүстікке көптеп тарту мақсатында «Жәнібек» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Жәнібеков 4 баспана салуда. Келесі жылы тағы да 5 үй салу жоспарда бар. Қазір бұл ауылда ауыл шаруашылығымен айналысатын 4 жанұя жаңадан салынып жатқан үйлерге көшіп баруға дайын.

Петропавл қаласында жаңадан ашылған «Қытай емдеу орталығының» иесі Мөлдір Ізтілеуованың жолдасы - дәрігер. Бұл отбасы СҚО-ға 2016 жылы Ордабасы ауданы, Шұбарсу елдімекенінен көшіп келген. Ерлі-зайыптылар Қызылжар қаласынан Қытай емдеу орталығын ашты.

Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облысында 1 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Қоныс аударуға ниет білдірген азаматтармен консультация жүргізу кезінде бірінші кезекте, мамандығы бойынша бос орындар немесе балама түрі ұсынылады. Сонымен қатар қоныс аударушылар өздері жұмысқа орналаса алады.

Еске сала кетсек, Түркістан облысының бір топ журналисі мен белсенділері «Түркістан – Қызылжар – Қостанай – Көкшетау» ақпараттық туры аясында солтүстік өңірде сапармен жүр.


Соңғы жаңалықтар