Түркістандық жастар көпбалалы отбасыға баспана салып берді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - «Бекзат» тұрғын алабының жастары көпбалалы отбасыға баспана салып берді. Бұл аймақ тұрғындарының сыйға берген 6-шы баспанасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістандықтар тағы бір мұқтаж отбасыға баспана сыйлап, қасиетті Рамазан айында сауапқа кенелді. Атап айтқанда, «Бекзат» тұрғын алабында 1991 жылы туған жастар жұдырықтай жұмылып, бір отбасының қуанышына себепші болды. Бұл - өңір тұрғындарының бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде жолға қойған үрдісімен сыйға берілген 6-баспана.

«Өмірзақовтар жанұясында үлкен қуаныш. Құрдастарымызбен игілікті іс атқарып, бірнеше жылдан бері пәтер жалдап күнелтіп келген жандарға қолдау көрсеттік. 4 бөлмелі үйді өз күшімізбен салып, барлық қажетті тұрмыстық техникамен қамтыдық. Отағасы Нұрғали жары Жансаямен бірге 4 перзентті тәрбиелеп отыр. Әрине, көпшілікпен бітер шаруаға ұйымшылдықпен үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс білдіреміз», - деді ұйымдастырушылардың бірі Ақболат Анашбеков.

Бұған дейін Бекзат Саттарханов атындағы мөлтек ауданның 1982 және 1983 жылдары туған азаматтары мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай 2 мұқтаж шаңыраққа баспана сыйлаған болатын. Сонымен қатар, 1988, 1989 және 1990 жылы туған жастар да әз-Наурыз мерекесі қарсаңында 3 отбасының өз шаңырағы болуына мұрындық болған. 1992 жылы туған жігіттер де қайырымдылық эстафетасын келесі жылы жалғастыруға ниетті.


Соңғы жаңалықтар