Түркістандық ұстаз ерекше балалар арманының орындалуына атсалысуда

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат –Түркістандық ұстаз 70-тен астам ерекше баланың арманының орындалуына атсалысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан қаласының тұрғыны Әсел Бимырзаева «Менің арманым» атты жобаны жүзеге асырып келеді. Қаладағы мектепте мұғалім болып қызмет атқаратын ол әр айда үйде оқитын мүгедектігі бар 10 баланың арманын орындап, қуанышқа кенелтіп отыр. Маусым айынан бесінші рет ұйымдастырылған игі іс барысында Әсел Маханбетқызы қаладағы 70-тен астам баланың кішігірім арманын орындады.

«Менің ұлым да 4-сыныпқа дейін үйде оқыды. Қазір емдетіп, жағдайын түзеп алдық. Сондай-ақ өзім ұстаз болғандықтан үйде оқитын балаларға сабақ беремін. Арасында әртүрлі балалар бар. Біреуі жүре алмайды, бірі сөйлей алмайды. Тіпті төсектен тұра алмайтындар да бар. Жағдайларын көріп жаным ашиды, жылағым келеді. Сабақтан тыс уақытта қастарында қалып, көп сөйлесемін. Олармен сырласып, арман мақсаттарын тыңдаймын. Содан тағдырдың сынағына түскен балалардың аз да болса көңілін көтеріп, қуантқым келді» - дейді жоба жетекшісі.

Әсел Бимырзаева Түркістан қаласындағы Ата-түрік атындағы №17 мектепте орыс тілі пәнінен сабақ береді. Бос уақытында қоғамдық істермен айналысады. Өзі қолға алған жобасы аясындағы жұмыстарды үйлестіріп отырады.

«Ең алдымен, балаларға арманын жаздырамын. Қолы икемге келмейтіндеріне ата-анасы көмектеседі. Бала арманы жазылған қағазды конвертке салып, демеушілерге тапсырамын. Содан бір күнді белгілеп, сыйлықты тапсырамыз», - дейді ол.

Жалпы Түркістан қаласында 1000 астам ерекше бала бар. Жоба жетекшісінің айтуынша, олардың арманын орындауда түрлі сала басшылары мен кәсіпкерлер, қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, ұжымдар жақсылық жасауда жарысып жатқан жайы бар.

Мәселен, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов Азамат есімді балаға электрлі самокат сыйласа, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев Інжу есімді қыздың арманын орындап, Ханшайым көйлегін алып берген. Ал ақын Қалқаман Сарин Әбдімәлік есімді жеткіншектің ұнатқан киімін тарту етсе, арыстық азамат Амантай Байтанаев Жайрона есімді қызға велосипед сыйлапты.


Соңғы жаңалықтар