Түркістандық түлектер 20 жылдық кештен бас тартып, ауылдастарының үйін жөндеп берді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістандық түлектер төтенше жағдай кезінде қайырымды іс жасап, ауылдастарын қуантты. Шардара ауданына қарасты Қызылқұм ауылдық округіндегі түлектер 20 жылдық кештен бас тартып, ауылдастарының үйін жөндеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орта мектептің 2000 жылы бітірген азаматтар елдегі төтенше жағдайды ескеріп, мамыр айына жоспарлаған іс-шараларды тоқтатып тастаған. Қасиетті Рамазан айында игі істі қолға алған ттұрғындар ауылдастарының үйінің есік-терезесін жаңартып, ауласынан құдық қаздырып берген. Себебі бұл отбасы отағасынан айрылып, асыраушысыз қалған. Мүгедек баласымен бірге тұратын зағип ана ауылдастарының қайырымды ісіне алғыс айтып, батасын берді.

«Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты біз сыныптастарымызбен ақылдаса келе, бірауыздан осындай шешімге келдік. Мамыр айында жоспарлап қойған 20 жылдық кештен бас тарттық. Оған жұмсалар қаражатты жинап, жерлестерімізге қол ұшын беруді жөн көрдік. Барша мұсылман бауырларымызды жақсылық жасауға шақырамын», – деді түлектердің бірі Шукуір Шамшадинов.

Сондай-ақ, Қызыл құм орта мектебін осыдан 20 жыл бұрын бітірген азаматтар әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен тағы 15 отбасына азық-түлік жиындықтарын таратты. Ізгілікті іс жасап, бірліктің үлгісін көрсеткен мектеп түлектеріне жерлестері дән риза болды. Сауапты іске түлектер миллион теңгедей қаражат жұмсаған.


Соңғы жаңалықтар