Түркістандық спортшылар ел чемпионаттарында 232 алтын медаль еншілеген

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының спортшылары жыл басынан бері ел чемпионаттарынан 232 алтын медаль иеленген. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, облыста бұқаралық спортты дамыту мақсатында 3600-ге жуық іс-шара өтіп, оған 436,3 мың адам қатысқан. Сондай-ақ, облыста ұлттық спорт түрлерін насихаттау бағытында 466 спорттық шара ұйымдастырылып, халықтың спортпен қамтылуы 30 пайызды құрап отыр.

«Қазіргі таңда аудан, қалалардағы халқы 1 мың адамнан асатын жергілікті округ әкімдіктерінде дене шынықтыру және спорт саласына жауапты нұсқаушы-әдіскер штатын ашу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл - бұқаралық спортты дамыту қадамдары. Бүгінгі күні өңірде 4328 спорт нысаны тіркелген. Бұдан бөлек, 9 ай қорытындысымен облыс аумағында аудан, қала әкімдіктері тарапынан 64 спорт және ойын алаңшасы салынып, пайдалануға берілді», - деді Полат Наурызбайұлы.

Айта кетерлігі, 2019 жылдың 9 айында облыс спортшылары спорттың 52 түрі бойынша ҚР чемпионаттарына қатысып, 186 күміс, 258 қола медаль жеңіп алған. Сонымен қатар, жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 53 алтын, 18 күміс және 14 қола медальге қол жеткізсе, осы уақыт аралығында Әлем чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 11 алтын, 8 күміс және 11 қола медальді еншіледі. 2020 жылы Жапонияның Токио қаласында өтетін кезекті жазғы Олимпиада ойындарына жолдама беретін лицензиялық жарыстарға облыстан 21 спортшы қатысады.

Қазіргі уақытта Түркістан облысының 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кешенді жоспарға сәйкес, облыс орталығында спорт түрлерінен республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін бірқатар спорт нысандары салынуда. Мәселен, 7 мың орындық «Орталық стадион» мен жабық бассейні бар спорт сарайы 2020 жылдың маусым айында пайдалануға беріледі. «Олимпиадалық резервтер дайындайтын спорт мектебі» биыл ашылады.

Соңғы жаңалықтар