Түркістандық шаруалардың проблемасын шешуге депутаттар атсалысатын болды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан облысында Мәжілістің аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы өтті. Комитет төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен өткен басқосуда еліміздегі көкөніс шаруашылығының қазіргі жағдайы мен даму болашағы, суармалы егіншілік мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көшпелі отырысқа еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Сауда және интеграция, Экология және табиғи органдар, Табиғи монополияларды реттеу саласындағы уәкілетті органдардың жауапты қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары мен салалық қоғамдық қауымдастық өкілдері қатысты.

Келелі басқосуда көкөніс саласын дамытудағы проблемалар мен тежеуші факторлар атап өтілді.

Мәселен, көкөніс қоймаларының аздығы және жеткіліксіздігі азық-түлік бағасының қымбаттауына әкеп соғады.


Сондай-ақ, жылыжай өндірісін дамытуға және кеңейтуге субсидия алу мәселесі, саланы оңай қаржыландыру жайы сөз болды.

Еліміздің бүкіл қалаларын азық-түлікпен қамтитын оңтүстікте шаруаларға жағдай жасалмай келеді.

Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және кеңейтуге субсидия беру және қаржыландыру мәселесі өзекті. Мәселен, елдегі жылыжайлардың 70 пайыздан астамы орналасқан Сарыағаш ауданында биыл көкөністің бағасы арзандамай тұр.

Оның себебін жергілікті шаруалар шығынның көптігімен түсіндіреді. Минералды тыңайтқыштар мен селитра қымбат.

Оның үстіне биыл қысқа көмір таппай, жылыжайлар құлап қалды. Алдағы қыста да көмір мәселесі өзекті күйінше қала береді.

«Қазір арзан көмірдің болмау себебінен жылыжайға қайта көкөніс егеміз бе, екпейміз бе деген сұрақ туындап тұр бізде. Ал Шұбаркөл көмірін бермейміз, коммерциялық бағамен алыңыздар дейді. Ол баға өте қымбат шаруаларға. Бұл өз кезегінде қымбатшылыққа алып келеді»,- дейді шаруа Данияр Қалтаев.


Жиында күнгейлік диқандар егін егуге мемлекеттен субсидия сияқты қолдау керек десе, енді бірі саланы дамытуға қаражат таппай отырғанын жеткізді.

«Көп диқандарымыз былтырғы мақтасының ақшасын ала алмай отыр. Сол себепті көпшілігі мақтасын, диқаншылық егістігін еге де ала алмай жатыр»,- дейді шаруа Төрехан Нұрлыбеков.

Аймақта егістік науқанын жүргізуге қазір ағын су да өзекті. Себебі мемлекеттен бөлінген миллиардтаған қаражатқа каналдар жөнделмей, егістікке су жетпей жатыр.

Ауылдағы каналдардың көбі жекеменшікте болғандықтан жылдар бойы жөнделмейді. Жаңа канал салуға қаражат бөлінгенімен құрылысы басталмай жатып аяқсыз қалады.

«Шардара ауданының Жаушықұм ауылында 12 мың гектар жерді игеруге канал салу жобасы қаралған болатын. Оған былтыр 10 млрд 700 млн теңге бөлінген. Соны мердігер ұтып алған. Алайда бір жылдан бері істеп жатқан жұмысы жоқ. Құрылысы тоқтап тұр», - дейді Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бақытжан Серманиязов.

Өңірде коммуналдық тарифтердің қымбаттығы мен қатты отынның тапшылығынан жылыжай аумағы азайып кеткен.


Оның үстіне сырттан келетін көкөніс бағасын реттеп жатқан ешкім жоқ.

Агробанктен несие алу да шаруаларға қиындық туғызады. Жиынға келген шаруалар осы сынды проблемаларға тиісті министрлік өкілдерінен жауап алуға тырысты.

Алайда мардымды жауап ала алмады. Аталған проблемаларды шешуге енді депутаттар араласатын болды.

«Біздің мақсатымыз - жергілікті жердегі шаруалардың мәселесін тыңдау, ол проблемаларды орталық мемлекеттік органдарға жеткізіп, шешу жолдарын қарастырып, осы бағытта тиісті ұсыныстарды енгізу. Ал енді министрліктегілер бұл ұсыныстарды жүзеге асырмаса, онда біз оны Үкімет басшысынан талап етеміз»,- деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжметдинұлы.


Соңғы жаңалықтар