Түркістандық шаруалар мереке қарсаңында гүлдерін саудаға шығарып жатыр

None
Фото: Түркістан облысының баспасөз қызметі
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында гүл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар қызғалдақ, раушан, лала гүлдерін арнайы наурыз мерекесіне саудаға шығарды. Қазір еліміздің бірнеше қаласынан тапсырыс қабылдауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарыағаш ауданында жылыжай ісімен айналысатын шаруалар жылдың төрт мезгілінде еліміздің түкпір-түкпіріне гүл сатып келеді. Сондықтан шекаралы ауданды «жылыжайлар мекені» деп атап кеткен. Жері құнарлы, климаты қолайлы болуын пайдаланған шаруалар гүлдің бірнеше түрін өсіріп жатыр. Өсімдіктерді тек Шымкент қаласына ғана емес, Алматы, Астана сынды ірі қалаларға жеткізіп береді. Ал, мереке қарсаңында гүлдерді сатып алушылардың қарасы қалың. Сұраныс күн санап артып келеді. Мәселен, Дербісек ауылдық округі аумағында орналасқан «Көктем» шаруа қожалығы 8 жылдан бері қызғалдақ гүлін өсірумен айналысады. Жылыжай көлемі 1,30 гектар аумақты алып жатыр. Аталған шаруа қожалығында қызғалдақ гүлдерінің голландиялық 10-нан астам түрі өсіріледі. Мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тәжірибелі кәсіпкер жылына 120 - 130 мың түп қызғалдақ гүлін өсіретінін айтады. Аталған ауылдық округтегі «Алия» шаруа қожалығы раушан, қара сиқыр және голландиялық фридум түрлерін өсіреді. Жылыжайдың көлемі 4 гектар шаршы метр аумақта орналасқан. Бұл кәсіпті 15 жылдан бері жүргізіп келе жатқан шаруа жылына 20 - 40 мың түп раушан гүлін саудаға шығарады.


Соңғы жаңалықтар