Түркістандық отбасы заңды үйіне кіре алмай жүр: Әкімдік істі бақылауға алды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалында аймақ әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу «Open Space» форматындағы қоғамдық қабылдауда өтті.

«Партия ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, облыстың түкпір-түкпірінен келген жиырмаға жуық тұрғын өздерін мазалаған мәселелер бойынша талап-тілектері мен арыз-шағымдарын айтып келді. Бірқатар өтініш сол сәтте шешімін тапты», - деді партия филиалынан.

Мәселен, бірнеше жылдан бері үй кезегінде тұрған Түркістан қаласының тұрғындары А.Атекева мен А.Нысамбаева баспана проблемасымен келген. Оларға жылдың аяғында кезекке сай үй берілетіні хабарланды.

«Ал Түркістан қаласының тұрғыны Г. Жадилованың отбасына 2017 жылы үй берілген. Бірақ үй иелері мұны 2019 жылы білген. Өздеріне тиесілі үйге барса, басқа адамдар тұрып жатқанын көреді. Заңды баспанасына кіре алмай жүрген тұрғынның жанайқайын тыңдаған Қосман Қайыртайұлы бұл мәселені назарда ұстайтынын жеткізді. Бүгінде аталған үйге байланысты жалған құжат жасау бойынша қылмыстық іс қозғалған. Таяуда үйді заңсыз иемденгендер сот арқылы мәжбүрлеп шығарылмақ», - делінген таратылған хабаралмада.

Ал Арыс қаласынан келген С. Мусаева жарылыстан зардап шеккен үйін жөндеу мәселесін қозғаса, Қ. Бегалиева кәсіпкерлік ғимаратын жөндеуге көмек сұрай келген. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арысқа арнайы барып, үйді тексеруге тапсырма беретінін, ал кәсіпкерлік нысан бойынша кәсіпкерлер палатасына хабарланатынын айтты.

Электр жарығы мәселесін қозғаған Ескі Иқан тұрғыны Э.Курбанхадиевке бұл түйткілдің 2020 жылы шешілетіні, оған арнайы 22 млн теңге қаржы қаралғаны айтылды. Үйіне газ кіргізуге қаржылай көмек сұраған түркістандық көпбалалы ана Ж.Абдуллаеваға несие беру мәселесі шешілетін болса, Келес ауданынан келген А.Көбегеноваға да атаулы әлеуметтік көмек, су мәселесін шешу бойынша көмек көрсетілетін болды.

Өзге де бірнеше тұрғынға тиісті кеңес беріліп, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына тапсырмалар жүктелді. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың талап-тілектерінің орындалу барысы партия бақылауында болатынын жеткізді.

Бүгінде «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Open Space» форматындағы қоғамдық қабылдауы билік пен бұқараны тоғыстыратын алаңға айналып үлгерді. Мұнда алдағы уақытта өзге де сала басшылар келіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап береді.

Соңғы жаңалықтар