Түркістандық дәрігерлер Ұлыбританияның үздік нейрогенетиктерімен тәжірибе алмасты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының дәрігерлері Ұлыбританиядан келген үздік нейрогенетиктермен тәжірибе алмасты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының шақыруымен келген шетелдік мамандар генетикалық аурудан зардап шегетін науқастарды қарап, көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Неврология және нейрогенетика профессоры, University College of London неврология институты Нейрогенетикалық зертханасының жетекшісі Генри Холден өңірге әріптесі әрі осы ЖОО - ның докторанты, қазақстандық Рауан Қайыржановпен бірге келді.

Жас ғалым бірнеше жылдан бері Англияда оқып, жұмыс істейді. Медицина ғылымдарының магистрі, невролог, қозғалыс бұзылулары бойынша үздік маман Лондон неврология және Нейрохирургия ұлттық госпиталінде қызмет атқарады. Білікті дәрігерлер сапар барысында тұқым қуалаушылық патологиясынан зардап шегетін балалар мен ересектерді қабылдады. Олар 3 күн бойы осы кеселдің ең ауыр түріне шалдыққан 100-ге жуық науқасқа көмек көрсетті. Сонымен қатар Ұлыбританиядан арнайы келген нейрогенетиктер «Нейрогенетика және паркенсонизм» тақырыбында ғылыми - практикалық семинар өткізді. Әлемдегі ең үздік мамандардың бірі Түркістан облысының дәрігерлерімен генетикалық ауруларды емдеудің жаңа әдістерімен және тәжірибесімен бөлісті.


Айта кетейік, бүгінде түркістандық дәрігерлер тұқым қуалайтын ауру түрлерін дәл анықтай алады. Алдыңғы қатарлы технологиялар гендегі аурудың қандай деңгейде бұзылғанын анықтауға мүмкіндік береді.

Мамандардың пікірінше, соңғы кезде гендік мутациялардан туындаған аурулар да азаймай отыр. Дәрігерлер мұндай ауруларды тек генетикалық сараптама нәтижелері бойынша ғана анықтай алады. Ал, шетелдік мамандар болса жуық арада генетикалық аурудан, тұқым қуалайтын қозғалу патологиясынан толық ем алу мүмкіндігі пайда болатынын айтып отыр. Әлемдік медицина алға қадам басып, науқастар үшін толыққанды өмір сүру мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар, дәрігерлердің мәліметтері бойынша жыл сайын тұқым қуалайтын аурлардың саны артып келеді. Соның ішінде біздің өңір де бар.

Соңғы жаңалықтар