Түркістандық дәрігерлер соқырішегі жарылып кеткен жүкті әйел мен сәбиін құтқарып қалды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысында дәрігерлер соқырішегі жарылып кеткен жүкті әйел мен сәбиін құтқарып қалды. Шардара ауданында тұратын келіншек тікұшақпен облыс орталығына жеткізіліп, оған бірнеше сағат бойы ота жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, осыдан бірнеше күн бұрын 29 жастағы Жансая Дүйсенова жедел жәрдем арқылы аудандық орталық ауруханаға жеткізілген. Ол жақта жергілікті дәрігерлер жедел деструктивті аппендицитті анықтаған. Соқырішегі жарылып кеткен науқас санавиация желісімен облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің дер кезінде көрсетілген көмегінің арқасында ана мен баланың өмірі аман қалды.

«Ауруы асқынған ананың жатыры мен ішектері іріңдеп кеткен. Әдетте мұндай жағдайда алдымен ана өмірін аман алып қалу мәселесі бірінші тұрады. Ана өміріне төнген үлкен қауіпке қарамастан, сәби аман-есен дүниеге келді. Ананың жатырын да сақтап қалдық. Баланы құтқару үшін кесарь тілігін жасауға тура келді. Оған сирек кездесетін отаның ауыр түрі жасалды. Негізінде жүкті әйел үшін кез келген ілеспе патология өмірге қауіпті. Бұл жағдайда әйел ауыр хирургиялық патологиямен, перитонитпен жеткізілді. Бір мезетте бірнеше операцияның ауыр түрі жасалған науқастың беті бері қарап, жансақтау бөлімінен ауыстырылды», - деді облыстық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Елдос Сұлтанов.

Ақ халаттылардың айтуынша, инфекция ошағы жойылған. Ал, сәбиі 2 келі 800 грамм салмақпен өмірге келген. Ол да қазір дәрігерлер бақылауына алынған. Енді жаңа босанған жас ана үйіне қайтуға дайындалып жатыр.null

«Үйде жүргенде ішім қатты ауырды. Айтолғақ деп ойлап, мән бермеппін. Кейін тұра алмай қалдым, құса бастадым. Дәрігерлер болмағанда аман қалуым екіталай еді. Қызымның аман қалғанына қуандым. Осы мүмкіндік үшін барлық дәрігерлерге шексіз алғыс айтамын»,- дейді Жансая Дүйсенова.

Соңғы жаңалықтар