Түркістандық дәрігерлер клиникалық өлімге ұшыраған науқасты құтқарып қалды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Кезекшілікте болған түркістандық жедел жәрдем бригадасы клиникалық өлімге ұшыраған науқасты құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық жедел жәрдем қызметіне бейтаныс әйелдің қоғамдық орында құлап жатқаны туралы хабар келіп түседі. Құтқару тобы 7 минутта жеткен. Ес-түссіз жатқан әйелге дәрігерлер «клиникалық өлім» диагнозын қойған.

Медициналық қызметкерлер жүрек-өкпе жұмысын қалпына келтіру үшін тез шара қолданып, науқастың беті бері қарайды. Дәрігерлердің арқасында 41 жастағы әйел клиникалық өлімнен кейін тірілген. 2-ші топ мүгедегі денсаулығына қатысты дәрігерлік есепте тұрады. Фельдшер Арман Сағидулат қобалжығанын жасырмайды.

«Өмір мен өлім арпалысын күнде көзбен көріп жүрген соң науқастарды құтқаруда бөтен ойға жол жоқ. Өйткені дәрігерлік көмек көрсету - менің міндетім. Әрбір құтқарылған жан мен үшін үлкен қуаныш»,- дейді ол.

Дәрігерлер науқасты санитарлық көлікпен ауруханаға жеткізді. Қазір оның жағдайы бір қалыпты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Жыл басынан бері облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметіне 62 мыңға жуық шақырту түскен. Дәрігерлер 2 адамның өмірін ажалдан аман алып қалды.


Соңғы жаңалықтар