Түркістандық дәрігерлер бір айлық нәрестенің өңешіне ота жасап, аман алып қалды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөліміне Түлкібас ауданынан бір айлық нәресте ауыр халде жеткізілген. Дәрігерлер сәбидің жүрегінің туа біткен ақауы мен асқазан ішек жолдары және өңештегі тесік жарықтары барын санаулы уақыт ішінде анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, барлық қауіп-қатерлер мен асқынулар таразыға салынған. Баланың жасанды қан айналым жағдайында жүрек ақауын түзету және диафрагманың өңеш тесігіне операция жасау шешімі қабылданған. Кардиохирургтар мен неонаталды хирургтердің білікті құрамы жасаған ота 4 сағатқа созылды. Нәтижесінде нәрестенің беті бері қарап, өміріне төнген қауіп сейілді. Дәрігерлер отаның мұндай күрделі түрі өңірде алғаш рет жасалып отырғанын айтады. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша мұндай операциялар науқастардың 20 пайызында кездеседі. Алайда, нәрестелер мен 3 айға дейінгі сәбилерге бірнеше күрделі ота жасау жоғары мамандандырылған диагностиканы және жоғары білікті мамандардың болуын талап етеді.


Айта кетейік, бір айлық нәресте Балықты ауылының тұрғыны Дана Әшірбектің бесінші перзенті. Бөбегін қиын жағдайда дәрігерлер қолына тапсырған көпбалалы ана абзал жандардың біліктіліктеріне риза болып, алғысын жеткізді.

«Әр науқастың жанына жебеу болып, қандай ауруға болмасын қарсы тұратын дәрігерлерге деген шексіз алғысымды білдіргім келеді. Баламның ауруына араша бола білген дәрігерлерге және медбикелерге шексіз ризашылығымды айтамын. Сіздер бізге шексіз бақыт сыйладыңыздар»,- дейді Дана Әшірбек.


Соңғы жаңалықтар