Түркістандық бизнес өкілдеріне жеке кәсіпті тиімді басқару дағдылары үйретілуде

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда шағын және орта бизнес өкілдерінің жоғары және орта буын жетекшілеріне арналған «Іскерлік байланыс» жобасының бірінші кезеңі басталды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға 60-тан астам кәсіпкер қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаға қатысуға ниет білдірген іскер азаматтар бизнес-тренингтен өтіп, басқарушылық сапа, бизнес жобалау, тайм-менеджмент келіссөздер технологиясы, біліктілікті жақсарту бағытында білім алды. Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Жанна Тілеубекованың айтуынша, жоба Түркістан қаласында алғаш рет іске асуда.

«Бүгін «Іскерлік байланыстар» қатысушылары оқуға кірісті. Мұнда тәжірибелі бизнес-жаттықтырушылардың басшылығымен кәсіпкерлікті, маркетингті жүргізудің, сондай-ақ бизнес-серіктестермен іскерлік байланыстар орнатудың қазіргі заманғы әдістері зерделенетін болады. Қатысушылар өз бизнесін барынша тиімді басқаруды, мақсаттарды дұрыс қоюды, осы мақсаттарға жету бойынша қадамдарды, жаңашылдықтарды үйренеді»,-деді Жанна Тілеубекова.

Түркістан қаласында оқу екі апта жалғасады. Осы уақыт ішінде жобаға қатысушылар бірнеше бизнес-тренермен жұмыс істей алады. Оқыту барысында қатысушылар шетелдік және отандық бизнес-тренерлердің басшылығымен өз кәсіпорнының немесе өнімінің бизнес-жоспарын әзірлейді.

Ал екінші кезеңге шетелдік бизнес-тағылымдамадан ең белсенді, табысты және өзінің жұмыс бизнес-жоспарын ұсынатындар іріктеледі. Қатысушының шығындары өтеледі. Осылайша, өзі үшін ең аз шығынмен кәсіпкер озық шетелдік өндірістерге барып, олардың тәжірибесін болашақта өз өндірісінде қолдана алады. Сонымен қатар, бір ай ішінде қатысушылар өз саласы бойынша шетелдік кәсіпорындарды аралап, шетелдік әріптестермен іскерлік байланыс орната алады. Бұл кезең Германияда өтеді.

Сонымен қатар, «Іскерлік байланыстар» жобасының қатысушылары жаңа жұмыс орындарын құрып, өз өндірісін жаңғыртып, отандық және шетелдік бизнесмендермен келісім - шарттар жасайды - осының барлығы елдің экономикалық өсуіне үлкен үлес қоспақ.

Семинар аяқталғаннан кейін қатысушылар курсты сәтті аяқтағаны туралы сертификат алып, Германияға бару үшін бағдарламаның екінші кезеңіне конкурстық іріктеуге қатыса алады.

Соңғы жаңалықтар