Түркістанды түркі әлемінің туристік астанасы деп жариялау ұсынылды

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің туризм министрлері-әкімшілік басшыларының отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің мәліметінше, шара шеңберінде ТМҰ-ға мүше мемлекеттер мен бақылаушы елдер арасындағы рейстер санын ұлғайту, Жібек жолының туристік әлеуетін айқындау, «Қазіргі Жібек жолы бойымен бірлескен тур» және «Түркі әлемінің туристік астанасы» жобаларын іске асыру, қысқы туризм салаларындағы ынтымақтастық және басқа мәселелер талқыланды.

Ержан Еркінбаев Қазақстанның туристік әлеуетінің ШЫҰ аясында дамып отырғанына ерекше назар аударды.

«Қазіргі уақытта Қазақстаннан Түркияға, Өзбекстанға, Қырғызстанға және Әзербайжанға аптасына 119 рейс жиілігімен 21 бағыт бойынша халықаралық рейстер жолға қойылған», - деп атап өтті ол.

Вице-министрдің айтуынша, туризм саласын қалпына келтіру жағдайында Ақтау мен Баку арасындағы рейстер санын арттыру қажет.

Бұдан әрі Ержан Еркінбаев қазір министрлік тарапынан қарастырылып жатқан гранд-турлар туралы айтып берді.

Қазақстанның 5 гранд-маршрутының бірі - Ұлы Жібек жолы туры ҚХР шекарасынан басталып, еліміздің Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан қалалары арқылы өтеді және Өзбекстанда жалғасуы мүмкін.

«Әлемнің туризм картасында Орталық Азия елдеріне жоспарланған аралас турлар бір елге жасалатын турларға қарағанда танымалдыққа ие. IndyGuide еуропалық сервисінің зерттеуі бойынша респонденттердің 46% - ы Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен қатар Қазақстанға барғысы келеді», - деді ол.

Жібек жолы бағытында жұмыс істейтін туроператорлардың мәліметтері бойынша Орталық Азияға сатылған турлардың 50% астамы екі және одан да көп елге баруды қамтиды.

«Барлық көрсетілген үрдістерді ескере отырып, біз Жібек жолы бойымен гранд-турды дамытуға ерекше назар аударамыз», - деп толықтырды вице-министр.

Сонымен қатар Ержан Еркінбаев Түркістанды түркі әлемінің туристік астанасы деп жариялауды ұсынды.

«Ежелден Түркістан - барша түркі халықтарының ата жұрты, берекелі мекені әрі туған ошағы саналады. Біздің ата-бабаларымыз мұнда ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден рухани білім алып, түркі-ислам мәдениетін әлемге таратқаны белгілі. Түркілер кіші Азияға бет бұрған кезде, бұл құндылықтар тамырымызды сақтап қалуға көмектесті және бірлігіміздің негізіне айналды. Мақсатымыз - түркі әлемін ХХІ ғасырдың маңызды экономикалық, мәдени және гуманитарлық кеңістігіне айналдыру», - деді ол.

Сапар аясында Ержан Еркінбаев Әзербайжан Республикасы туризм жөніндегі мемлекеттік агенттігінің төрағасы Фуад Нагиевпен екіжақты кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар туризм саласындағы ынтымақтастық және тәжірибе алмасу, Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы туризм саласындағы келісімді әзірлеу және қол қою, аралас туризмді, тау шаңғысы, гольф-туризмді дамыту және басқа мәселелерді талқылады.

Отырыс аясында түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің туризм министрлерінің кезекті 8-ші отырысы 2023 жылы Қазақстанда Түркістан қаласында өтеді деген шешім қабылданды.


Соңғы жаңалықтар