Түркістанды туристер хабына айналдыру қажет - Қазақстанның Түркиядағы елшісі

None
None
АНКАРА-НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар бауырлас Түркия елінде кеңінен тойланды. Елімізден арнайы барған өнер ұжымдары Анкарадан бастап Ыстанбұл, Каппадокия, Бурса, Нийде, Сакария қалаларында бір апта бойы концерт қойды. Жергілікті қазақтар арнайы жиында бас қосты. Ыстанбұл қаласының мэрі Экрем Имамоғлу Қазақстан халқына құттықтау лебізін білдірді. Ұлық мерекені тойлауға мұрындық болған Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлымен қос мемлекет арасындағы ынтымақтастық туралы сұхбаттасқан едік.

- Елші мырза, ең алдымен уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтқымыз келеді. Түркия Қазақстанмен бауырлас ел ғана емес, инвестиция салудағы көшбасшының біріне айналып, алғашқы ондыққа енді. Осы ретте өзіңіз Елші болып келгелі Қазақстанға қанша инвестиция тартылды?

- Рахмет! Түркияға, Анадолу өңіріне қош келдіңіздер. Шынында да, соңғы үш жылда дипломатияның басты бағыты – инвестиция және экспорт болып отыр. Жалпы есеп бойынша Тәуелсіздік жылдары Түркия Қазақстан экономикасына 4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған. Әсіресе, 2007 жылы инвестиция салу жұмысы қарқынды жүріп, шамамен 350 млн доллар қаражат келген. Атап өтерлік жайт, Қазақстанда түрік кәсіпкерлерінің саны өте көп. Онда шамамен 2400 түркиялық кәсіпорын бар, яғни Қазақстандағы әрбір оныншы шетелдік бизнес өкілдері Түркиядан келген деп есептеледі. Өз кезегінде Қазақстан да 2005 жылдан 2019 жылдың 1 жартыжылдығына дейін Түркия экономикасына 1 млрд АҚШ долларын инвестициялаған.

Жалпы, түркиялық инвесторлардың қатысуымен өңдеу өнеркәсібі мен мемлекет пен жекеменшік сектор әріптестігі аясында бүгінге дейін құны 1,7 млрд доллар болатын 42 жоба жүзеге асырылған. Оның ішінде ауылшаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібінде 700 млн АҚШ долларлық 8 жоба, машина жасау, тау-кен және химия өнеркәсібінде 6 жоба (500 млн АҚШ доллары), фармацевтика мен медицинада - 7 жоба (72 млн доллар) және құрылыс материалдары саласында - 9 жоба (80 млн доллар) іске қосылған.

Түрік инвестицияларын тарту бойынша Қазақстан Елшілігі екі бағытта жұмыс істейді. Біріншіден, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан инвесторларды ұстап қалу, олардың өндіріс көлемін арттыру. Екіншіден, жаңа инвесторларды шақыру. Әсіресе, Түркияның ең ірі 500 өнеркәсіп компаниясына ерекше назар аударудамыз. 2019 жылдың қаңтар-қараша айларында әртүрлі іс-шаралар шеңберіндегі келіссөздерді қоспағанда, 250 компаниямен екіжақты кездесулер өткізіп, шамамен 35 компания үшін Қазақстанның инвестициялық ахуалымен танысу мақсатында сапар ұйымдастырдық. Кездесулерде жалпы ақпарат беріп қана қоймай, әр инвестордың саласы бойынша Қазақстан нарығының артықшылықтары мен әлеуетін кеңінен түсіндіруді мойнымызға алдық. Осылайша, соңғы үш жылда Қазақстан мен Түркия арасында 18 жоба жүзеге асырыла бастады. Олардың жалпы құны 3 млрд АҚШ долларына жуықтайды.

Олардың арасынан нақты қандай жобаларды атап өтер едіңіз? Қандай ірі кәсіпорындар Қазақстанда жұмыс істеп жатыр?

-Ең үлкен жоба ретінде Жамбыл облысында Қаратау мен Жаңатастың арасындағы кальциленген сода өндірісін айтуға болады. Онымен Yildirim Holding айналысып жатыр. Біз үшін бұл жоба өте пайдалы, себебі қазір сода өндірісінде 100% импортқа тәуелдіміз. Біздің білуімізше, қазір 100 млн АҚШ долларынан асатын импорттық соданы Татарстаннан немесе Өзбекстаннан тасып отырмыз. Сонымен бірге, Қазақстандағы сода өндірісінің экспорттық әлеуеті де бар. Тау-кен саласында, мұнай-химия саласында қолданылатын шикізат болғандықтан, соданы сырттан алып отырған Түркіменстанға жібере аламыз. Қазіргі уақытта бұл жоба 320 млн доллар болып есептелген, бірақ инвесторлар жобаның екінші-үшінші фазасында 1 млрд долларға дейін инвестиция құюды көздеп отыр.

Осы Yıldırım компаниясы тау-кен саласында «Қазгеология» ұлттық компаниясымен бірлесіп, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы пайдалы қазбаларға геологиялық барлау жүргізуге уағдаласты. Мұндағы 5 нысанға шамамен 15 млн доллар инвестиция салынады деп жоспарланған. Eczacıbaşı Holding Қарағанды облысында «Алайғыр» кен орнында қорғасын, күміс өңдеуді қолға алуды жоспарлап отыр. Yıldızlar SSS Holding Шығыс Қазақстан облысындағы «Мальва» алтын кен орнына геологиялық барлау жүргізіп, тау-кен байыту фабрикасын құрғалы отыр. Оған шамамен 100 млн доллар инвестиция салынуы тиіс.

2019 жылы да қос мемлекет арасында көптеген жаңа жобалар іске асырылды. Әсіресе, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Қазақстанда заманауи технологиямен жабдықталған 15 қалалық аурухана салынады деп жоспарланған. Түркістан қаласында, Петропавлда ауруханалардың іргетастары құйылды. Бір ғана Петропавлдағы жобаның құны 200 млн доллардан асып түседі.

Одан бөлек, YDA Holding Түркістан қаласында құрылысқа қажетті асфальт өндіру бойынша 8 млн долларлық жобаны іске қосты. Сонымен қатар, қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Түркістан халықаралық әуежайының құрылысын жүргізуде. Çukurova Holding Ақмола облысында гофрленген қорап өндірісін құруға 40 млн долларлық инвестиция құюға келісті. Алматы облысында Agrobest компаниясы өсімдіктерді қорғау өнімдері бойынша 30 млн долларлық жобаға қатысты жұмысты жүргізіп жатыр. Алматы облысында жанармай диспенсерлерін өндіру, автоматтандыру бойынша Түркияның ең үздік Petronet компаниясы жаңа жобаны бастамақшы, оның жалпы инвестициялық көлемі 10 млн доллар шамасында болады. Femas Group Алматы облысында газ және электр плиталарының өндірісін құруға 6 млн доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Алматы облысында тәтті өнімдерін шығаратын Aysultan Candy (5 млн доллар) жобасы іске қосылады.

Негізгі жобаларымыз осы. Сонымен бірге, қазір келіссөздер жүріп жатқан шамамен 1 млрд долларлық 35 жоба бар. Бұл бойынша күнделікті кездесулер жалғасуда, олардың бәрі шешілсе, келесі жылы 18 жобаға тағы 35 жоба қосылады деген сөз. Жалпы біздің Елшіліктің мақсаты – 2022 жылға дейін Қазақстан экономикасына инвестиция салған холдингтер санын екі есе арттырып, кемінде 24-ке жеткізу.

2019 жылдың басты оқиғасы - Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті ретінде өкілеттігін тоқтатып, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлануы болды. Билік транзиті аясында Қазақстанның ұстанған саясаты сабақтастық дәстүрін сақтап қалды. Ал Түркияның саяси және бизнес элитасы Қазақстандағы билік транзитін қалай қабылдады?

-Түркияның Қазақстанға, Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ілтипаты мен сый-құрметі ерекше. Бірінші кезекте олар Қазақстанды посткеңестік географиядағы саяси-экономикалық тұрақты дамып келе жатқан ел ретінде бағалайды. Жалпы Түркияның Орталық Азияға байланысты ең маңызды басымдығы тәуелсіз түркі мемлекеттерінің қалыптасуына қолғабыс-қолдау көрсету. Қазақстанның 28 жыл бойы тұрақты дамуы және өз аймағында ғана емес, Еуразия кеңістігінде үлкен рөл ойнауы әрине, қызығушылық тудырады. Сондықтан, Елбасының биыл қабылдаған шешімі түріктер үшін тосын жаңалық болды. Наурыз айында телефоныма толассыз қоңыраулар келді, саяси басшылық тарапынан да, бизнес тарапынан да алаңдаушылық білдіргендер болды. Жалпы, Қазақстанды жақсы білетін саясаттанушылар осындай шешімнің болатынын күткен, оның бір күнде пайда болмағанын түсінген. Бірақ дәл 2019 жылы деп ойламаған, бәлкім 2020-2021 жылдары Қазақстанда билік транзиті болады деп болжаған шығар. Елбасының бұл шешімін түркі жұрты өкінішпен қабылдады деп те айтуға болады. Әлеуметтік желіде «Кетпеңіз», «Қалыңыз», «Сіз Түркі әлемінің ақсақалысыз» деген пікірлер болды. Жалпы алғанда Елбасының орнын ерекше ықыласпен бағалай білді. Мұндай шешімді кез келген саясаткер, мемлекеттік қайраткер қабылдай алмайды.

Ал енді Қазақстанның екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Түркияның билік өкілдері жақсы таниды. Көптеген саясаткерлер, Парламент спикерлері, дипломаттар Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге жұмыс істеген. Олар Қазақстанның әсіресе сыртқы саясаттағы басымдықтары осы бағытта жалғаса береді деген сенімде. Түріктерді ең алдымен Түркі интеграциясы қызықтырады, оның механизмі, тетіктері қаланғандықтан, айтарлықтай өзгеріс болады деп ойламайды. Қазір Ыстанбұлда Түркі кеңесі бар, Анкарада Түріксой мәдениет ұйымы бар, біздің астанамызда Халықаралық Түркі академиясы, Әзербайжанда Түрік Парламенттері Ассамблеясы жұмыс істейді. Оларды Түркі әлемі ынтымақтастығының негізі деп айтуға болады.

Елбасының Түркі әлемін жақындастырудағы рөлі зор. Осы орайда өзіңіз қызмет еткен Түркі Кеңесі туралы айтып өтсеңіз. Онда Түркі әлемін жақындастыруда қандай шаралар атқарылды?

-Елбасының бастамасымен түркі интеграциясының басты саяси тетігі ретінде құрылған Түркі кеңесі бүгінде институционализациясын тәммдап, қанатын кең жайды. Түркі кеңесі аясында саясат, экономика, көлік, мәдениет, білім салаларында көптеген ортақ жобалар жүргізілуде. Халықаралық түркі академиясында археология бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Түріксой ұйымы өзіндік бренд ретінде қалыптасты. Түркі кеңесі саяси тұрғыда үлкен аймақтық ұйымға айналып келеді. Қазіргі ең үлкен бастамалардың бірі – ортақ инвестициялық қор немесе банк құру. Екіжақты тұрғыда құрылған механизмдер бар. Түркі университеттері арасында одақ құру бастамасы да қызу талқылануда. Осы арқылы студенттер мен мұғалімдер арасында бағдарламаларды үйлестіре отырып, алмастырып оқыту көзделген. Мектеп оқушылары үшін 2-3 апталық лагерьлер құрылып, бір-бірінің мәдениетімен, тілімен танысу мүмкіндігі ойластырылған. Кәсіпкерлер арасында 2011 жылы Елбасының бастамасымен Кәсіпкерлер кеңесі құрылған. Қазір бұл Кеңес ортақ Палатаға айналды. Халықаралық Түркі академиясының Ортақ тарих, Ортақ әдебиет оқулықтары мектептерде факультатив ретінде оқытылады. Академия факультатив ретінде бір-біріміздің тілдерімізді оқыту, олардың ерекшеліктерін түсіндіруді қарастырған.

Өткен ғасырдың нәубет жылдары Алтай қазақтарының Тибет, Гималай асып, Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткенін білеміз. Қазір Түркияда тұратын этникалық қазақтардың саны қанша? Олар қай салаларда белсенді еңбек етіп жүр?

- Мұнда қазақ диаспорасы туралы ресми дерек жоқ, себебі Түркияда ұлт сипаты бойынша статистика жүргізілмейді. Өз есебіміз бойынша, Түркияда шамамен 20 мыңға жуық қазақ бар. Олардың басым көпшілігі Ыстанбұлдың Зейтунбурну ауданында тұрады. Нийде қаласында Алтай деген қазақ ауылы бар. Бастапқыда 70 шақты үй ретінде құрылғанымен, ондағы қазақтар Еуропа мен Ыстанбұлға көшіп, орнында 15 шақты түтін қалды. Измир жақта Кемал паша жерінде қазақтар тұрады. Онда марқұм Шеризат ағамыз мал шаруашылығымен айналысып, қымыз шығаратын ферма ашқан еді. Сол ферма әлі жұмыс істеп тұр. Салихлыда, Аданада қазақтар бар, Коняда шамамен 10 шақты қазақ отбасы тұрады. Сосын Түркияда жылжымайтын мүлік сатып алуға рұқсат берді, сәйкесінше Анталия мен Бодрумда теңіз жағалауында тұратын қандастарымыз көбейіп келеді. Анталия маңайында шамамен жүзге жуық қазақ отбасы жиналып қалды.

Өзіңіз айтқандай, Тибет тауынан асып, Үндістан, Пәкістан ауып, Түркияға тоқтаған қазақтардың бірсыпырасы Еуропаға, Америкаға көшті. Яғни, Батыстағы қазақ диаспорасының көплішігі Түркиядан көшіп барған. Сол жылдары Түркия үкіметі қазақтарға баспана беру, жұмыспен қамту, тіл үйрету бойынша көп қолғабыс көрсетті. Қазақтар тері илеумен, мал шаруашылығымен айналысты. Түріктердің тері индустриясында үлкен секторға айналуына біздің аталарымыз көрсеткен технология көмектескен дейді. Әрине, түріктер қазақтардан үйренгенін ұтымды кәсіпке айналдыра алды. 1940-50 жылдары көшпен келгендердің біразы бақилық болды, яғни тұтас буын ауысты деуге болады. Осында туған жаңа ұрпақ арасында профессор, докторлар бар. Ал үлкен кәсіпкерлер, бизнесмендер бар деп айта алмаймын. Бірақ үлкен бизнесте екінші, үшінші орынбасар боп жүрген қандастар бар. Солар арқылы Қазақстанға инвестиция тартуды ұйымдастырып жүрміз. Мәселен, жақында Отандастар қоры Ыстанбұлда қазақ кәсіпкерлерді жиып, жақсы шара өткізді.

Қазіргі буынға қарасақ, осында туып-өскен 25-26 жастағы қазақтар ана тілін ұмытып барады. Қазақша түсінгенімен, түрікше араластырып сөйлейтін болды. Олардың әкелері де байқасаңыздар, 1-2 түрік сөзін қосып жібереді. Яғни, Түркиядағы қазақ жастарының ең үлкен мәселесі – ана тілі. Олардың алды балалы боп жатыр. Егер Қазақстан тарапынан шара жасалмаса, келесі ұрпақ мүлдем қазақша білмеуі мүмкін. Өйткені, сөйлесетін орта жоқ. Қазақтардың түріктермен шаңырақ көтеру үрдісі де байқалады, бұл тек қазақтарға ғана тән емес. Ноғай диаспорасы да бұрын жатқа қыз бермейтін, қазір аралас неке барлық жерде белең алып келеді.

Еңбек миграциясына келсек, Түркияда Қазақстаннан келіп қара жұмыс істейтіндер өте аз. Басқа мемлекеттен нәпақа іздеп келетіндер жетерлік, бірақ Қазақстаннан жаппай жұмысшы келгенін көрмедік. Туризм науқанында қазақстандық туристер келеді немесе студенттер оқуға келеді. Туризмде түріктерден үйренеріміз көп. Кейбір қонақүйлермен келісіп, Қазақстаннан туризм мамандарын оқуға арнайы шақыртамыз.

Түркия арқылы Сирияға өтіп кеткен қазақтар мәселесі де сіздерді айналып өтпейтін шығар? Олардың біразы, әсіресе әйелдер мен балалар Жусан жобасы арқылы елге қайтарылды. Қазір Түркияның мигранттар лагерінде қалған қазақстандықтар бар ма? Әу баста оларды миграциялық бақылау мүмкін бе еді?

-Болған оқиғаны кері қайтара алмаймыз. Сондықтан қазіргі міндетіміз – Сириядан, Ирактан өз азаматтарымызды алып шығу. Біз Елшілік ретінде бұл жұмыстарға өз құзыретіміз шеңберінде атсалыстық. Операциялардың арқасында әйелдер мен балалар елге жеткізілді. Жалпы, Түркия аумағындағы лагерьлерде қазақстандықтар жоқ. Онда көбінесе сириялықтар бар. Бірақ, Сирия мен Иракта қазақстандықтардың әлі де бар екенін білеміз, онымен арнайы қызметтер айналысып жатыр.

Қазақстаннан Түркияға келетін азаматтарды миграциялық бақылау еш мүмкін емес. Шетелге шыққанда азаматтарымыз консулдық есепке тұруы керек деп айтылады, бірақ көбіне ешкім мән бермейді. Түркия бұл мәселені жақсы реттеген. Ер азаматтар қажет кезде ел аумағында болмаса немесе шетелге шыққанда консулдықта тіркелмесе, әскери міндеттен қашып жүр деп саналады. Сондықтан, олар қай елге барса да, міндетті түрде тіркеледі. Ал бізде бұл тіркелу міндеттелмеген. Оның үстіне жақында қазақстандықтар үшін Түркияға 3 айлық визасыз режим енгізілді. Яғни, барыс-келіс көбеюде.

Білім саласындағы ынтымақтастық жөнінде не айтасыз? Түркияда қазақстандықтарға қанша білім грантын ұсынып отыр? Қанша студент оқып жатыр?

-Білім саласындағы ынтымақтастықта өзімді мысал етіп көрсете аламын. 1992 жылы екі жарым мың қазақстандық жас Түркияға білім алуға келген едік. Түркияға ең көп студент келген толқын біз екенбіз. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш 500-ге түсті. Өткен жылы Түркияның стипендиясымен 100-160 жас оқуға қабылданды. Бірақ, жалпы Түркияда білім алып жатқан қазақстандықтар саны 2200-ге жуықтайды. Яғни, қазақстандықтардың төрттен үш бөлігі өз қалауымен келіп жатыр. Себебі Түркияда білім алу өте арзан. Бауырлас ел ретінде бізге жеңілдіктер береді. Өткенде Ескішехир қаласындағы ЖОО ректорымен кездескенімде, қызық дерек естідім. Ондағы студенттің бір күндік тамағы 5,5 лира (шамамен 1 доллар). Яғни бір күндік толық тамақты 380 теңгеге алуға болады. Сосын жатақханалары өте арзан, білімі сапалы. Сондықтан, Қазақстаннан келіп жатқан студенттердің қызығушылығы өте жоғары.

Білім саласын түріктер жақсы бизнеске айналдыра алды. Шетелдік студенттерді көбірек қабылдауға тырысады. Университеттері статистика жүргізіп, шетелдік студент саны 30-40%-ке жетсе, мақтанышпен айтады. Қазақстандық жастар инженерия, медицина, дінтану салаларында білім алып жүр. Сосын жазғы уақытта қазақстандық мектеп оқукшылары 3 айлық курстарға көптеп келеді. Өкінішке қарай, оларды біз еш қадағалай алмаймыз. Заң бойынша еш оқу орны өздерінде білім алып жатқан азаматтар туралы ақпарат бермейді. Сонықтан, бейресми тізім жасап, шамамен жобалауға мәжбүрміз. Оқуды аяқтаған соң, елге қайтқандар туралы да ақпарат жоқ. Қазақстандық студенттердің жартысына жуығы бакалавриаттан кейін аспирантура, докторантура гранттарымен қалады. Кей ірі университеттер докторанттарды арнайы қабылдап жатыр. Себебі, оларға докторанттардың ғылыми жобалары өте қажет болып отыр. Стипендиямен, жатақханамен қамтиды, бірақ, талаптары да өте жоғары.

Туризм тақырыбына ойыссақ, Түркия қолайлы ауа райымен, тарихи орындарымен келуішлерді баурап отыр. Түркияға келетін қазақтар мен керісінше Қазақстанға келетін түріктердің статистикасы бар ма? Қазақстанға турист тарту үшін Елшілік қандай шаралар атқарды?

Қазақстаннан жыл сайын 400 мыңнан астам турист келеді. Биыл рекордтық 500 мыңға қол жеткіземіз деп көздеп отырмыз. Қазақстанды туристік тұрғыда көбірек таныстыруға тырысамыз. Түркістанның туристік әлеуеті бойынша жақында Ыстанбұлда жиын өткіздік. Оның алдында қазақстандық туристік операторлар келіп, экскурсия жасады. Туризм саласында біздегі ең негізгі мәселе – баға. Ешкімді қинап, 2-3 мың долларға Қазақстанға апара алмаймыз. Одан гөрі, түріктер мың долларға Еуропаға саяхаттап келгенді жөн көреді. Екінші мәселе – инфрақұрылым, қызмет саласын дамыту. Бұл тұрғыда Өзбекстан белсенді жұмыс істеп жатыр. Хиуа, Бұқара, Самарқанд, Ташкент қалаларына Түркиядан тікелей рейс ашылған. Менің білуімше, Өзбекстанға ең көп турист Түркиядан барып жатыр. Құрбан айт, Ораза айт кезінде арнайы чартерлер ұйымдастырылады.

Мен де бұл мәселені Қазақстандағы өкілетті ұйымдарға айтып келемін. Түркістан арқылы арнайы чартер ұйымдастырса, Туристер Түркістанда бір күн тұрса да, пайда түседі. Әрі қарай, Ташкент, Бұқара, Хиуаға бара берсін. Қазір Түркістан қаласында әуежай салынып жатыр. Оны жүк тасымалдайтын, чартерлік орталыққа айналдыру керек. Олай жасамасақ, Түркістанға халықаралық қонақтар ұшып келмейді, тек Ташкент арқылы қатынайтын болады. Ал Ташкент өз бағасын түсірмейді, өйткені оның кепілдік жолаушылары бар, тиісінше ештеңе жоғалтпайды. Түркістан арқылы арзан рейстерді ұйымдастырсақ, табыстың бір бөлігін Қазақстанда қалдыруға болар еді.

Тағы бір туристік артықшылығымыз - Алматыдағы қысқы туризм деп ойлаймын. Туристер де айтады, Алматының тау-шаңғы базасы Аустриядан еш кем емес. Бірақ, бағасы да Аустрия сияқты ұшып тұр дейді. Ол бір мәселе. Екінші мәселе -жарнама жетіспеушілігі. Мысалы, өткенде Түркияның танымал актері Бурак Өзчивит Қазақстанға өз киносының таныстырылымына барды. Өзі үшін келіп тұрған актерді Алматыға, Түркістанға Бурабайға апару керек еді. Әлеуметтік желі арқылы актердің миллиондаған оқырманы Қазақстанның көрікті орындарын көрер еді. Жарнаманың осындай тетіктерін көбірек пайдалансақ және баға мәселесін реттесек, Қазақстандағы туризм дамиды деп ойлаймын.

Мазмұнды әңгімеңіз үшін көп рахмет. Түркі елдерінің бауырластығы мен достастығы арта берсін!





Соңғы жаңалықтар