Түркістанды газбен толық қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудың негізі ретінде инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Осы орайда, өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев жауапты сала жетекшілерімен бірге облыс орталығын аралап, қаланың Бас жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шаһардағы жол жөндеу, газ, ауызсу мен кәріз жүйесін жүргізу жұмыстарын тексерген облыс әкімі тиісті сала жетекшілерінен құрылыстың кестеге сәйкес белгіленген мерзімінде аяқталуын талап етті. Тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында шағын аудандарда орналасқан әлеуметтік нысандарды газға өткізу жұмыстары жүргізілуде.

Балабақшалар, сауда орталықтары, жекелеген кәсіпорындар, мейрамханалар мен қонақ үйлер де көгілдір отынға қосылуда. Бұл жұмыстар 11 кезең бойынша жүргізіліп, жыл соңында дейін 7 нысан пайдалануға берілетін болады деп күтілуде. Бұл ретте аймақ басшысы құрылысы жүргізіліп жатқан «Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету (ІІ-кезең ГРП-2,3)» және құрылысы мамыр айында аяқталған «Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету (ІІІ-кезең ГРП-6,7,8)» нысандарының құрылыс барысымен танысты.

Тұрғын үйлердің табиғи газға қосылуы бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанына көз жеткізді. Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 13 332 абонентке ішкі газ құбыры жүйелері жүргізіліп, 8120 абонент табиғи газға қосылған. Кәріз желілерін салу жобасы бойынша әлі де жалғасын табуда.

Жоба бойынша 21,514 шақырым кәріз жүйелері мен 703 дана темірбетонды құдықшалардың құрылысын салу қаралған. Аталған нысандар құрылысы іске асырылған жағдайда, Түркістан қаласы толықтай кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілетін болады.


Соңғы жаңалықтар