Түркістандағы жаңа музыкалық драма театрында түркі әлеміне ортақ қойылымдар сахналанады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда жаңадан ашылған Музыкалық драма театрда түркі әлеміне ортақ қойылымдар сахналанады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан облысына сапары барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент жаңадан салынған музыкалық драма театрдың ашылу салтанатына қатысып, ұжыммен кездесті. Композициялық көрінісі мен сәулеттік келбеті өзгеше театрда тек қазақ актерлері ғана емес, шетелдік танымал өнер қайраткерлері де өнер көрсетеді. Төрт қабатты мәдениет ордасының көрермендер залы 510 адамға арналған. Мұнда вестибюльдің, кулуарлардың, фойенің, жинақтау холдары мен VIP залдар ұлттық нақышпен безендірілген. Театрда көрерменге және қызметтік персоналға шұғыл медициналық көмек көрсететін дәрігер де қарастырылған.

Театардың бас директоры Айнұр Көпбасарованың айтуынша, 190 адам штаттық режимде жұмыс істей алады. Қазір актерлерді жұмысқа қабылдау жұріп жатыр. Олардың қатарында Дубайда, Мәскеуде тәжірибе жинаған режиссерлер мен композиторлар, менеджерлер бар.

«Сан ғасырлық тарихы бар осындай киелі өлкедегі өнер ордасы Елбасының бастамасы, қолдауымен салынды. Бұл өнер орталығының ерекшелігі және концепциясы - преформативті театр атануында. Яғни, қазақстандық қана емес, түркі әлеміне ортақ мемлекеттердің актерлері де келісімшарт негізінде осында жұмыс істейді. Театрға жас баллет труппасы, хор, опера әртістері, драма актерлерін кастинг арқылы алып жатырмыз. 25 жасқа дейінгі жас актерлерді осында үш жылға оқытып, түрлі курстар, қойылмдар арқылы шеберлігін шыңдаймыз. Алыс-жақын шетелден, республиканың әр өңірінен талантты жас режиссерлер, сценографтар, хореографтар, актерлерді жинап жатырмыз. Талантты жастардың ішінде «Belcanto» Вена академиясының түлегі Айя Шәріп, танымал композитор Хамит Шанғалиев, «Watanabe Buber» балет академиясын, Ваганова атындағы орыс балет академиясын бітірген Мао Сакай сынды прима-балериналарымыз бар. Театрдың алға қойған жоспары көп», -дейді Айнұр
Көпбасарова.

Жаңа ғимараттың жалпы ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Театр басшылығының мәліметінше, алғашқы қойылым 5 қыркүйекте көрермен назарына ұсынылады. Оған дейін сахнаны безендіру, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілмек.


Соңғы жаңалықтар