Түркістандағы рейд: Қандастарға «оралман» мәртебесін алу жолдары түсіндірілуде

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының полицейлері өңір аумағында жүрген этникалық қазақтарға оралман мәртебесін алуға немесе созуға болатындығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 2019 жылғы 16 наурызда «Оралман мәртебесінің мерзімін өткізіп алған этникалық қазақтарға жеңілдетілген түрде ҚР азаматтығын беруді» тапсырған болатын. Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қ.Дәлбеков аталған жүйе бойынша көші-қон қызметі мамандарына кешенді іс-шараларды жүзеге асыруды бекітіп берді. Осыған орай, облыс аумағында 2019 жылғы 2-5 шілде аралығында «Оралман» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп, тарихи Отанға оралған азаматтар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деді ПД-дан.

Рейд барысында өңірдің тәртіп сақшылары этникалық қазақтарға оралман мәртебесін алуға немесе созуға болатындығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«Іс-шара аясында жалпы 567 үй тексеріліп, оның ішінде 275 этникалық қазақ анықталды. Олардың 27-сінде «Оралман» куәлігінің мерзімі өткені белгілі болды», - деп мәлім етті ведомстводан.

Профилактикалық шара өткізілген үш күнде «Қазақстан Республикасының азаматтығын алудан, оралман куәлігінің мерзімін ұзартудан» түрлі себеппен 21 тұлға бас тартқан. 33 тұлғаға қатысты «оралман» мәртебесі ұзартылды. Бұдан басқа, 32 этникалық қазақ ҚР азаматтығына қабылданып, құжаттары қаралуда.

Еске сала кетсек, «оралман» мәртебесінің уақыты өтіп кеткен қандастар, оны ұзарту үшін жергілікті атқарушы органға жүгінуі тиіс. Кейін жеңілдетілген түрде азаматтық алу үшін құжаттарын тапсыруы қажет.

Қазіргі таңда жедел-профилактикалық шара жалғасын табуда.

Соңғы жаңалықтар