Түркістандағы өрт: Тұрғымбаев пен Біртанов күйік шалған адамдардың жағдайын барып білді

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында болған өрт салдарынан жарақат алған облыстық төтенше жағдай қызметкерлерінің жағдайын білуге ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтар келді. Олар Түркістан облысының орталық ауруханасына барып, науқастармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі министр де ауруханада күйік шалып жатқан 6 өрт сөндірушімен тілдесіп, олардың дін-амандығы мен денсаулықтарының жақсарғанына көздерін жеткізді. Қажет болған барлық көмектердің дер кезінде көрсетілетінін атап өтті.

Еске сала кетсек, кеше 10 қыркүйек күні шамамен сағат 18.25-те Түркістан қаласындағы «Роял-гранд» қонақүйі өртенді. Оқиға орнына полицейлер мен ТЖК қызметкерлері жедел жетіп, жақын маңдағы аумақтарды қоршауға алып, қонақ үйдің қызметкерлері мен қонақтарды эвакуациялады. Өрттен құтқару жұмыстары барысында жалпы 50 адам қауіпсіз жерге шығарылды.

Өрт кезінде патрульдік полиция батальон командирінің орынбасары, полиция майоры Қанат Ракышев пен Түркістан қалалық төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық қорғау майоры Болат Түйменов адам шығынын келтірмес үшін барлық бөлмелерді тінтіп шықты. Нәтижесінде тәртіп сақшылары өрт қаумалаған ғимараттан 4 жасар қызды және Түркияның екі азаматын құтқарды. Төтенше жағдайдан қаза болғандар жоқ.

Өртті ауыздықтау барысында Түркістан облысы ТЖҚ-нің 5 қызметкері жарақаттанып, түрлі дәрежедегі күйік және жарақаттарымен орталық ауруханаға жатқызылды. Олардың арасында жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқан Түркістан облысы ТЖҚ ҚБ бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Абдуғаппаров бар болатын. Бүгінгі таңда оның жағдайы жақсарған.

Қазіргі таңда Түркістан қалалық полиция басқармасының тергеушілерімен қонақүйдің өртке орануы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Тергеп-тексеру барысында оқиғаның барлық мән-жайы, оның ішінде өрттің шығу себебі анықталатын болады.




Соңғы жаңалықтар