Түркістандағы музейде «Сыйға берілген жәдігерлер» атты көрме ашылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Сыйға берілген жәдігерлер» атты көрме ашылды.

Шараға «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және Түркістан» халықаралық ғылыми - практикалық конференциясына келген қоғам қайраткерлері мен отандық және шетелдік ғалымдар, музей саласының мамандары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмеде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорына «Музейге сый» акциясы аясында жинақталған, экспозицияға шығарыла бермейтін 75 жәдігер таныстырылды.

Олардың қатарында 1978 жылы мемлекет және қоғам қайраткері, сол кездегі мәдениет министрінің орынбасары болған Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен және жергілікті партия комитетінің қолдауымен жергілікті халықтан жиналған құнды дүниелер бар.

Сондай-ақ, Қаракерей Қабанбай батырдың қанжары секілді жыл сайын музейге сый ретінде тапсырылып жатқан жәдігерлер жинақталған. Бұдан өзге, әйгілі қолбасшы Әмір Темір заманынан бергі сыйға берілген дүниелер кездеседі. Оған дәлел Әмір Темірдің бұйрығымен құйылып, кесенеге сыйға берілген алтын күміс жалатылған 6 дана шырағдан мен тайқазан, лауха сынды жәдігерлер бар.

Музей директоры Нұрболат Ахметжанов көрмеге келген қонақтарға алғысын білдіріп, қорды толықтыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен көрменің мақсатына тоқталып өтті. Музей қорын толықтыруда тек Қазақстаннан ғана емес, көршілес мемлекеттерден және Түркия Республикасынан да атсалысып жүрген азаматтар бар екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар