Түркістандағы құрылысқа қажетті қаржы, өзге де мәселелер шешілген - Асқар Мамин

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Түркістан қаласының дамуы жөнінде жиын өткізді. Жиын барысында 2019-2020 жылдарға арналған Түркістан қаласын дамытудың кешенді жоспары мен дамуын және Түркістан аймағын 2024 жылға дейін әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарының жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда Түркістанда тұрғын үй құрылысы жобаларын іске асыру мен көлік инфрақұрылымын дамыту, сумен жабдықтау және санитария, энергетика, газ және жылумен қамтамасыз ету және т.б. жұмыстарға республикалық бюджеттен қажетті қаражат бөлінуде. Тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жыл соңына дейін 2 300 пәтерден асатын 52 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 20 үйді ел игілігіне тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде 1200 жанұя жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Оның 270-і аз қамтылған отбасыларға ұсынылмақ. Одан бөлек, әкімшілік - іскерлік орталыққа су магистралін тарту жұмыстары жүргізілуде. Көлік инфрақұрылымын дамыту үшін Түркістан облысының жергілікті желісінде жолдарды күрделі және орташа жөндеу үшін 23 жоба жүзеге асырылатын болады. Биылғы жылы 1000 км-ден астам жолды жөндеу көзделіп отыр.

2019-2024 жылдары Түркістан қаласында энергетика, газ және жылумен қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту бойынша сегіз жоба жүзеге асырылады. Яғни, «Ясы», «Солтүстік», «Орталық» қосалқы станциялары мен газ желілерін салу және Кентау қаласындағы жылу-энергетикалық орталықты қайта құру жұмыстары жүргізіледі.
null

Облысты газдандыру жұмыстары аясында жыл соңына дейін қала бойынша 31,1 шақырым магистральдық газ құбыры, сондай-ақ Отырар, Шафгар, Яссы және Бекзат тұрғын аудандарында 193 шақырым газ тарату желілері құрылатын болады. 2020 жылға қарай газдандыру деңгейі 100 пайызға жетеді.

Түркістан қаласын мәдени-рухани, жоғары дамыған туристік орталыққа айналдыру үшін тарихи нысандарды қалпына келтіру және жетілдіруге бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Халықаралық сарапшылар тобымен бірге Қ.А.Ясауи кесенесінің әлемдік маңыздылығын ескере отырып, оның көрнекілік келбетін жақсарту үшін бекіністік қабырғасын қайта қалпына келтіру шаралары қолға алынбақ.

Жиын соңында ҚР Премьер-Министрі А.Мамин құрылыс жұмыстарын қарқындатуды және шаруаны жоспар бойынша атқаруды тапсырды.

«Елбасы Түркістан қаласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Үкімет тарапынан барлық қаржы және басқа да мәселелер шешілген», - деді Асқар Мамин.

null

Соңғы жаңалықтар