+7 (701) 759 90 19
USD 389.34 EUR 428.78
RUB 6.05 CNY 55.45
Jańalyqtar

Түркістандағы «Күлтөбе қалашығы» әлемдік музейлерден кем түспейтін болады

2019 жылғы 2 қараша 16:52
Бөлісіңіз:
Түркістандағы «Күлтөбе қалашығы» әлемдік музейлерден кем түспейтін болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қойнауы қазынаға бай, тауы мен тасы тарихтан сыр шертетін киелі Түркістан өңірінде жүзеге асып жатқан ауқымды жобаның бірі - «Күлтөбе қалашығы». 2019-2021 жылдарға жоспарланған бұл жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «ERG Көмек» корпоративтік қоры мен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет  институтының арасындағы меморандумы арқылы жүзеге асуда. Сондай-ақ, «Күлтөбе қалашығы» Түркістан облысының 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен де қабысады.

Мәдениет институты баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, қазіргі күні жобаның алғашқы кезеңдегі дала маусымы аяқталған. «Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркі әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңындағы «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығының аумағында орналасқан. Қазірдің өзінде мұнда туристер, қала қонақтары сонымен қатар, ежелгі өркениет тарихына қызығатын ізденушілер, мамандар қысқа маршрут арқылы сол дәуірге саяхат жасап, археологтар мен сарапшылардың қызықты әңгімесін тыңдай алады.


Жобаның ғылыми жетекшісі PhD докторы, қауымдастырылған профессор Андрей Хазбулатовтың айтуынша, бұл жобаның басты ерекшелігі Күлтөбе-Ясы қалашығының сақталу сатысы мен корреляция деңгейін тұтастай Түркістан шұратының рухани, діни маңыздылығымен бірге қарастырумен байланысты. Бұл қалашықтың жайғасу кеңістігін археологиялық, мәдени зерттеулер төңірегіне жіті мән беруге жетелейді.


Таза ғылыми мүддеден бөлек, бұл нысан ішкі, сыртқы туризм және тарихи-мәдени әрі еліміздегі кие тұтушылардың тәуәп ету саяхаты тұрғысынан да инвестициялық тартымдылық бойынша маңызды. Ал дәл осыған ұқсас әлемдегі археологиялық парктер орналасқан өңіріндегі жергілікті бюджеттің айтарлықтай қомақты үлесін құрайтыны белгілі. Сарапшылар да «Күлтөбе қалашығының» Түркістан аймағындағы киелі мәдени-рухани ескерткіштер тізбегінде ең танымал туристік пункттердің біріне айналатын әлеуеті зор екенін атап өтеді. Сонымен қоса Күлтөбе-Ясы қалашығын негізге ала отырып, археологиялық парк форматында отандық ғылым мен білімді дамытып, зерттеулерді одан әрі жүргізу үшін тәрбиелік және білім беру мақсатындағы тамаша демеуді де жолға қоюға болады. Әсіресе мәдение алуантүрлілікті, еліміздің орнықты дамуының ажырамас бөлігі саналатын өркениеттер мен діни диалогын қолдау бағытында да ерекше маңызды. Бұл тұрғыдан алғанда үлкен бизнестің осындай жобаларға қатысуы да айрықша рөл атқарады.


Биыл жоба аясында ауқымды жұмыстар атқарылды, объекті аумағынан бірнеше жылдарға жоспарланған көлемнің үштен бірі ашылған. Бірегей артефактілер аршылып алынған. Жобада археология мен консервацияның классикалық және жаңа тәсілдер синтезі қолданылды. Соның ішінде георадарлы зерттеулер жасалып, цифрлы компьютерлік технологиялар мен 3D-визуализация көбірек пайдаланылған.

«Біздің жоспарымызға сәйкес, алдағы жұмысымыз археологиялық парктің концептуалды «нүктесін» жасау болып отыр, онда ежелгі нысандардың бұзбай сақталған және реконструкциясы жасалған фрагменттері ұсынылатын болады. Мәселен, кейінгі антикалық, ертеортағысырлық, ортағасырлық және кейінгі ортағасырлық кезеңдерге жататын ғибадатханалар, қамал қабырғалары, тұрғын үйлер, көшелер, экстерьер және интерьер дизайн элементтері бар сауда алаңдарын көрсетуге мүмкіндік бар. Бұндай ескерткіш Қазақстанның басқа жерлерінде жоқ болғандықтан, «Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркі бірегей археологиялық парктер қатарына енетін болады. Бұл парк тарихи-мәдени мұраларды сақтаудың барлық отандық және халықаралық талаптарына жауап береді», - дейді археологиялық қазбалар жетекшісі Серік Ақылбек.


Оның айтуынша, қазіргі кезде Түркістан қаласының тарихи Күлтөбе төбесінен басталатыны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Археологиялық зерттеулер көрсеткеніндей, Күлтөбеде ең көне, жақсы сақталған архитектуралық ескерткіштер біздің дәуірімізге дейінгі бірінші ғасырларға, ал ең бергісі – қазақ хандығына тиесілі болып отыр. Яғни, Күлтөбе қалашығы – дала тарихының жүздеген жылдарға жалғасқан жылнамасының куәгері. 2 мың жылға жуық уақыт бойы зерттеусіз қалдырып, топырақ пен құм астында жатқан Күлтөбе қалашығы уақыт ағынының қойнауына еніп, құрып кетудің де аз алдында қалған.

Сондықтан да ғалымдар ежелгі Түркістанға оның Өзегін, Ұлы дала тарихындағы ең әйгілі қаланың бастау алған ядросын қайтарып беретін уақыт жетті деп санайды. Өз кезегінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Қожа Ясы (Түркістан) қаласының ортағасырдағы Қазақстан тарихындағы әйгілі рөлінің баршаға аян екенін алға тартады.

«Бұл барлық орталықазиялық мемлекеттердің экономикалық және саяси мүдделерінің тоғысатын орыны, Ұлы даладағы сауда және әлеуметтік мәдени орталықтардың түйісетін жері, Орталық Азиядағы қуатты жер игеру мәдениетінің көрсеткіші, Қазақ хандығының саяси шешімдер қабылдаған жүрегі және күллі мұсылман әлемінің киелісі саналатын «екінші Меккесі». Ортағасырдағы Түркістанда алуантүрлі мәдениет дәстүрлері тоғысты. Мұнда әр түкпірден бірінен бірі асқан шеберлер жиналып, өз білімдері мен тәжірибелерін бөлісті. Ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салу сол заманның ең үздік инженерлері мен сәулет және көркем технологияларды біріктірген болуы мүмкін», - деп түсіндіреді Мұхтар Қожа.


Археолог Айсұлу Ержігітова бұл төңіректе сыры ашылмаған құпиялар әлі де жеткілікті екенін айтады. Мәселен, «кесенені қалай тұрғызған, оның материалдарын қайдан алған, осында «илеп» жасаған ба, жоқ алыстан тасыған ба?».

«Күлтөбеден табылған көкшіл безендірілген сылақ қыш тақтайша фрагменттері мен керамика күйдіруге арналған ортағасырлық шеберханалар – бұл жай ғана археологиялық қазбадағы сәттілік емес. Біз осы арқылы қазақ даласындағы ең ауқымды архитектуралық объектінің құрылыс спецификасы мен оған қатысты тарихтың тың парақтарын ашуға үміттіміз», - дейді Айсұлу Ержігітова.


Сарапшылар Күлтөбе қалашығы – ерте ортағасырдағы Ясы ретінде белгілі болған Түркістанның ең көне бөлігі деген пікірге тоқтайды. Әлемдік тарихпен мәдениетте Түркістан-Ясының сопылықтың түркілік тармағының негізін қалаушы ұлы тұлға, ұлы ойшыл, шайыр Қожа Ахмет Ясауи есімімен тығыз байланысты екені мәлім.

«Сөз жоқ, бұл қала көптеген мемлекеттердің экономикалық және саяси тартылыс нүктесіне айналды. Ұлы дала кеңістігіндегі ежелгі жер игерушілердің Орталық Азиядағы мәдениетінің саудалық әрі мәдени орталығы, Қазақ хандығының саяси орталығы, Шығыс мұсылмандарының «екінші Меккесі» атанды. Орта ғасырдағы Түркістан әртүрлі мәдениет дәстүрлерінің бастаулар түйісін сипаттайтын қала мәдениетінің барлық жалпы және спецификалық ерекшеліктерін өзіне сіңірді. Қалада көркем мәдени өмір бұрқ-сарқ қайнады – мұнда суға арналған және басқа да керамика түрлері пайда болды, ағаш ұсталар, саусағы асыл зергерлер жұмыс істеді. Бұл қала Ұлы Жібек жолы бойындағы Түркістан өңірінің өнер мен қолөнер шеберлерінің бір орталығы болды. Бұнда Ясауи дәуірінің өркендеу кезеңінде кең байтақ даланың түкпірінен шеберлер ағылды, дәл осы жерде Әмір Темір кезеңінің әйгілі ғимараты Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оюлары, әшкейлері түзілді. Пеш пен ошақтар мен керамика қалдықтарының табылуы соның дәлелі», - дейді мәдениеттанушы Жанерке Шайғозова.


Ғалымдар жобаның нәтижесі бүгінгі қуатты мемлекет ретіндегі Қазақстанның дамуында үлкен мәнге ие болатынын айтып, оның халықаралық ғылыми-технологиялық дамуда да өз орнын табатынына сендіреді. Ұлттық деңгейде бұл жоба біртұтас ұлтты нығайту контексінде тарихи және киелі жерлердің мәні мен маңызын қайта сараптауға жағдай туғызады деуге болады. Күлтөбе-Ясы қалашығы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік мұражай-қорығының құрамында. Ең бастысы Күлтөбе – бұл жай ғана «қызық орын» емес, әлемдегі аты дардай музейлер мен парктерден еш қалыспайтын ашық аспан астындағы келешек бірегей археологиялық парк.

Айта кетейік, осы жоба бойынша барлық жұмыстар ERG Еурразиялық тобының қаржылық қолдауымен жүзеге асуда.








Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Қанат Мәметқазыұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT