Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қауіп төніп тұр ма
2022 жылғы 14 маусым 11:56

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қауіп төніп тұр ма

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – 600 жылдан астам тарихы бар нысанның кей қабырғалары құзданып, сулана бастаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде Түркістандағы тарихи нысанға қатысты көптеген әңгімелер айтылып жатыр.

Мәселенің мәнісін «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының директоры Мәулен Садықбектен сұрадық.

«Біз барлығына тек болжам деңгейінде ғана қарай аламыз. Себебі, ғылыми тұрғыдан нақты негіз болмағандықтан тұщымды жауап айта алмаймыз. Ол үшін соңғы үлгідегі қондырғыларды орнатып, кесененің ауа айналымын, жерасты су деңгейін және су арналарын жыл он екі ай бойы бақылауға алып отыруымыз қажет. Бүгінде мемлекет айналасын абаттандырып, қыруар жұмыс жүргізіп жатыр. Ал, кесенеге келгенде оны зерттеп қадағалап отыратын қондырғылар жоқ. Сондықтан ғалымдар да ешқандай негізге сүйеніп, жағдайдың нақты көрінісін айта алмай отыр. Былайша айтқанда «диагноз» дұрыс қойылуы керек. Біз сол диагнозды қоя алмай отырмыз»,- дейді Мәулен Жарылқасынұлы.

Дегенмен, ғимаратқа кіреберіс пен мешіт бөлмесі, асхана және қазандықтың төбесі сулана бастаған.

Тұзы шығып, құзданған жерлер де бар. Оның баршасы көзге көрініп тұр.

«Кесене - бүкіл әлемге мақтана алатын жалғыз ескерткішіміз. Сондықтан нысанды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Қазір кей қабырғалары құзданып тұр. Ал, асхана бөлмесі, қазандықтың төбесі суланған. Оларды уақытша ағымдағы жөндеуден өткізу тиімсіз. Себебі, араға уақыт салып, қайтадан сыны кете бастайды. Жалпы кесененің салынғанына 600 жылдан астам уақыт болды. Ол аралықта Түркістанда ауа райы, жердің қабаты, экология өзгерді. Мұның баршасы ғимаратқа әсер етеді. Сондықтан түбегейлі зерттеп, ұзақмерзімді бақылауға алуымыз қажет. Тіпті, бұл жұмыспен арнайы ғылыми зерттеу институттары айналысуы керек деп ойлаймын» - дейді Әзірет Сұлтан« қорық мұражайының директоры Мәулен Садықбек.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT