Түркістандағы халықаралық би фестивалінде «Реджеп Ердоган» жеңіске жетті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы  аясында «Бұраң бел» Халықаралық би фестивалі өтті. 

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, Оңтүстік Қазақстан әкімдігі және облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған байқауға 11 елден 21 би ұжымы қатысты. Жеңімпаздарға 2 млн. теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, халықаралық фестивальдің мақсаты - түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыс пен достықты нығайтып, түркі мәдениеті мен өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Сондай-ақ ұлттық өнер сайысы өзге түркітілдес халықтардың  шығармашылығын кеңінен насихаттау мен өзара қарым-қатынасты нығайту бағытында ұйымдастырылды.  Шараға Қырғызстан («Датқа айым», «Taжи» би топтары), Әзербайжан («Жанги» би тобы), Венгрия («Forras» би тобы), Түрікменстан («Лебап» би тобы), Босния және Герцеговина ( «Гажрет» би тобы ), Румыния («Гарасу» би тобы), Болгария («Родоп Есинтилери» би тобы), Башқұртстан («Кружева» би тобы), Татарстан ("Алтын ой"), Түркия ("Реджеп Ердоган") елдерінен  11 би ұжымы қатысса, Қазақстан Республикасынан  9 би ұжымы («Шамсинур», «Қаракөз», «Жұлдыздар», «Жастар», «Айгөлек», «Таңшолпан», «Шаттық», «Has Sanat», «Үкілім»  би топтары) топтары өнер көрсетті. Халықаралық байқауға қатысқан би ұжымдарының әрқайсысы өз ұлтының ерекшелігін, достықты дәріптейтін би өнерін паш етті.

null 

Ал би байқауына Қазақстан, Татарстан, Әзербайжан, Өзбекстан елдерінің сала мамандары қазылық етті. Өнер сайысының қорытындысымен бас жүлде Түркия мемлекетінен келген "Реджеп Ердоган" би ансамбліне бұйырды. Оларға 2 млн. теңге көлемінде қаржылай сыйлық  пен арнайы алғыс хат табысталды. Сонымен қатар, "Жанги" би ансамблі (Әзербайжан Республикасы) жүлделі бірінші орынды және 1,5 млн.теңгені қанжығасына байласа, екінші орынды "Жастар" би тобы (Қазақстан Республикасы) және "Алтын ой" (Татарстан) би ансамбльдері иеленді. Оларға да 1 млн. теңгенің сертификаты берілді. Ал, "Лебап" би ансамблі (Түрікменстан) және "Форрас"(Венгрия) тобы, "Шамсинур" (Қазақстан) би ансамблі 500 мың теңге жүлдеге ие болып, үшінші орыннан көрінді.

Сондай-ақ, "Шара Жиенқұлова" атындағы арнайы жүлдеге қазақстандық "Айгөлек" би ансамблі ие болса, "Ұлттық сахна костюмі" номинациясымен "Rodop Esintileri" (Болгария) би тобы және "Үздік хореограф" арнайы жүлдесімен "Гажрет" (Румыния) би тобы, "Би табиғатындағы көркемдік" номинациясымен "Үкілім" би тобы (Қазақстан), "Бұраң бел"жүлдесімен "Кружева" (Башқұртстан) би ансамблі, "Көрермен көзайымы" номинациясымен қазақстандық "Таңшолпан" би ансамблі және ОҚО мәдениет басқармасының арнайы жүлдесімен Қырғызстан Республикасынан келген "Таажы" би ансамблі марапатталды. Арнайы жүлде иегерлеріне 320 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық және алғыс хаттар табысталды.

   ТҮРКСОЙ жүлделерімен "Дәстүрді сақтағаны үшін" номинациясы бойынша "Qarasu" (Румыния) би тобы, "Үздік киім үлгісі" атауымен "Жұлдыздар" (Қазақстан) би тобы, "Үздік хореограф" номинациясымен қырғызстандық "Датқа айым" би ансамблі марапатталды. Өзге де қатысушыларға арнайы алғыс хаттар және сыйлықтар берілді.

Соңғы жаңалықтар