Түркістандағы эвакуациялық пункттерде 24 мың адам тіркелді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Арыс қаласындағы қазіргі жағдай тұрақталып, қаланы тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін Түркістан облысындағы штаб мүшелері мәлімдеді, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арыс қаласының маңындағы штабта өткен брифингке Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев пен облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков, сондай-ақ Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай жағдайды баяндады.

Штаб мүшелерінің сөзіне қарағанда, Арыс қаласында болған төтенше жағдайға байланысты зардап шеккен азаматтармен толыққанды жұмыс жүргізілуде. Эвакуациялық пункттерде 24 мыңнан астам адам тіркелген болса, олардың 20 мыңға жуығы Шымкент қаласына орналастырылған. 4 мыңнан астам адам Түркістан облысының аудандарында тиісті көмек алуда. Бұдан бөлек, Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 70-ке жуық қоныстану орталықтары жұмыс істеуде. Халық орналасқан орта мектеп, колледж, балабақша, мектеп-интернаттарда эвакуацияланған азаматтарға барлық қажетті жағдайлар жасалған.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев күні кеше Түркістан облысында «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорында арнайы есеп-шот ашылғанын хабарлады.

«Үш күннен бері аталған қорға республикамыздың түкпір-түкпірінен қазақстандықтар қаржыларын аударып жатыр. 26 маусымдағы мәлімет бойынша қорға түскен қаржы көлемі 225 млн теңгеге жетті»,- деді Жолдымұрат Аманбаев.

Ал, халықты апат болған аймақтан көшіру кезінде 200-ге жуық бала ата-анасынан адасып қалған болатын. Олардың барлығы да бүгінгі күні отбасымен қауышқан.

«Қазіргі уақытта бұл бағытта арыз-шағым түсіп жатқан жоқ. Сондықтан да, ата-анасынан, отбасынан адасып қалған балалар жоқ деп айта аламыз. Өңірдің кәсіпкерлері төтенше жағдайдан зардап шеккендерге ақшалай және заттай көмек көрсетуге әзір екендерін айтуда, әрі іс-жүзінде бастапта жіберді. Одан бөлек, қабылдау пунктеріне келген жандарды ыстық тамақпен, киім кешекпен қамту, балаларына ойыншықтар алып беру және өзге де күнделікті тұтыну тауарларымен қамту істеріне жергілікті кәсіпкерлер мен еріктілер өз үлестерін қосуда», - деді облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібекұлы.

Соңғы жаңалықтар