Түркістанда журналистер арасында турнир өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай спорт түрлерінен БАҚ өкілдері арасында турнир өтті. Облыстық қоғамдық даму, дене шынықтыру және спорт басқармалары және Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы ұйымдастырған сайысқа сегіз команда қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Түркістан облысының 3 жылдығы аясында бастау алған спорттық шарада облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов сөз алып, БАҚ өкілдеріне сәттілік тіледі.

«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Түркістан облысының 3 жылдығы аясында кәсіби мерекелеріңізге орай өткізіліп отырған бүгінгі турнир табысты аяқталды деп ойлаймын. Бүгінгідей ақпарат саласының маңыздылығы артқан уақытта Сіздер халыққа шынайы әрі жедел хабар тарату жолында жан аямай еңбектеніп келесіздер. Қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығы тікелей Сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесінде қалыптасады. Түркістан облысының барлық бағыттағы дамуына қосқан елеулі үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Өзара әріптестік байланысты нығайтып, салауатты өмір салтын сақтауға бағытталған бүгінгі шараның маңызы ерекше. Сіздер бүгін ақпарат саласында ғана емес, спортта да кәсіби біліктіліктеріңізді таныта білдіңіздер.Барша жеңімпаз атанған командаларды жеңістерімен құттықтаймын! Алдағы уақыттағы барлық бастамаларыңызға сәттілік, еңбектеріңізге жеміс тілеймін!», – деді ол.

Журналистер арасында достық пен əріптестікті ту еткен дәстүрлі спартакиадаға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай қатысты.

Жарыста «Túrkistan» телеарнасы мен «Рейтинг – Собкор» командасы, «Отырар» телеарнасы мен «Түркістан БАҚ», «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен «Шамшырақ» газеті,«Нар тв» мен «Оńtústik» телеарналарының командалары волейбол, арқан тартыс, шахмат сынды спорт түрлерінен додаға түсті.

Жалпы командалық есепте бірінші орынды «Рейтинг – Собкор» командасы, екінші орынды «Оńtústik» телеарнасының командасы, ал үшінші орынды «Túrkistan» телеарнасының тілшілері иеленді.


Соңғы жаңалықтар