Түркістанда журналист Бейсен Құранбек жайлы кітап таныстырылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында қазақ телевизиясының тарланы, журналист Бейсен Құранбек туралы естеліктер жинағы кітабының таныстырылымы өтті. Жетісу өңірінен түркі әлемінің бесігі Түркістан шаһарына жеткен «Біздің Бейсен» кітабы өңірдегі барлық кітапханалардың төрінен орын алмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми кітапханасында өткен рухани жиынға университеттің журналистика кафедрасының белсенді жастары қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтуынан басталған жинақта танымал ел ағаларының естелігі мен замандастарының толғаныстары, ақындардың арнау жырлары мен қарапайып көрермендердің ыстық ықыласы, сағынышы топтастырылған. Қарапайымдылығымен қалың қазақтың есінде қалған қоғам қайраткеріне арналған туындының тұсаукесері дара тұлғаның Түркістан облысындағы әріптес, дос, замандастарының басын қосты.

Олар халқының жанына жалау болған азаматтың болмысын танытатын оқиғаларды еске алып, әсерлі естеліктерді айтты.

Еркін форматта өткен кездесуде Бейсен Құранбектің курстасы, ҚР Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай сөз сөйледі. Оқу ордасының журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттеріне Бейсен Құранбек атындағы 3 стипендия тағайындалатынын жеткізді.

Кездесу соңында жаңа кітап университет кітапханасына және журналистика кафедрасына сыйға тапсырылды.

Жинақ қазақ елінің біртуар перзенті, тележурналистика тарланы – Бейсен Құранбекті құрметпен еске алушы қалың көпшілікке арналған.


Соңғы жаңалықтар