Түркістанда жоғалған 11 жасар қыздың мәйіті каналдан табылды

None
Фото: Түркістан облысы ТЖД
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда жоғалған 11 жасар қыздың мәйіті «Арыс-Түркістан» каналынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары осындан 5 күн бұрын Түркістан қаласында жоғалған қыздың денесін тапты. Оқиға орнынан 11 шақырым жерден мәйітті судан алып шықты.

«Іздестіру құтқару жұмыстарына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 112 жеке құрамы, 1 квадрокоптер, 7 техникасы және жедел құтқару жасағының 5 сүңгуірі, 2 жүзу қайығы, 1 техникасы жұмылдырылды. Полиция департаментінен 20 адам, 4 техника, жергілікті атқарушы органнан 2 адам, 1 техника көмекке келді», делінген Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Еске сала кетейік, 25 наурыз күні шамамен сағат 17:00 шамасында кәмелет жасқа толмаған қыз бала үйінен ойнауға шығып кетіп, қайта оралмаған болатын.

Кейіннен бірге ойнаған құрбысы Түркістанда жоғалып кеткен 11 жасар қыздың каналға құлап кеткенін айтқан.

Содан кешке қызды іздеуге құтқарушылар қызметі жұмылдырылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар