Түркістанда жауапқа тартылған 30 көліктің 3 млн-ға тарта айыппұлы бар
2022 жылғы 19 мамыр 16:18

Түркістанда жауапқа тартылған 30 көліктің 3 млн-ға тарта айыппұлы бар

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында мамыр айының бірінші аптасында іске қосылған «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасымен айыппұлдарын төлемей жүрген, жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер дер кезінде анықталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақтағы полицейлер жаңа бағдарлама қосылғаннан бері жол ережесін бұзған 200-ге жуық автокөлікті анықтады. Оның ішінде жалған нөмірмен жүрген «Toyota Land Cruiser» көлігі мен айыппұлы 3 миллион теңгеге жуық 30-ға тарта автокөлік бар.

«Ал қалған жүргізушілер жол қозғалысы ережесіне қатысты түрлі құқықбұзушылықтар жасағаны үшін жауапқа тартылды. Барлық көліктер айыптұраққа жеткізілді. Қолданысқа енгізілген бағдарламамен Түркістан ҚПБ патрульдік полиция қызметкерлері рейдтік-профилактикалық шараларды күнделікті атқаруда», - деп жазды ведомстводан.

Департамент хабарламасында күні кеше Б.Саттарханов пен Әмір Темір көшелерінің қиылысында тұрған полицейдің планшетіне Жедел басқару орталығынан Б.Саттарханов көшесінде келе жатқан есепте жоқ «ВАЗ 2104» маркалы ресейлік көлік туралы ақпарат келіп түскені қамтылған. Полицей дабыл бойынша бірден әрекет етіп, көлікті тоқтатты. Құжаттарын тексеру кезінде ресейлік көліктің Ресей Федерациясы есебінен шығарылғаны анықталды. Жүргізушіге ӘҚБтК-нің 590-бабы «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша хаттама толтырылып, көлігі сол сәтте эвакуатордың көмегімен айыптұраққа қойылды.

«Қорғау» жүйесі көлікті жалған нөмірмен басқаратын жүргізушілерді, техникалық байқаудан өтпеген немесе сақтандыру полисінсіз жүргендерді бірден анықтайды. Оларды ұстау қажеттігі туралы ақпарат түскен бойда сол аумаққа жақын жүрген тәртіп сақшылары қолдарындағы қызметтік планшеттері арқылы апаттың алдын алу шараларын қабылдайды, жүргізушінің жүрген орны туралы мәліметті көре алады. Жалпы, жол апатының санын азайту мен болдырмау мақсатында жол ережесін өрескел бұзушылардың анықталуы назардан тыс қалып жатқан жоқ», - делінген жазбада.


Jańalyqtar

MURAǴAT