Түркістанда «Жас тілшілер» клубы құрылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістандағы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Маңызды құжатты жүзеге асырудағы алғашқы қадам ретінде филиалдың жанынан «Жас тілшілер» клубы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Клубқа мүшелікке бүгіннің өзінде 42 талантты жас қабылданды. Оқу орнының ректоры Болатбек Абдрасилов меморандум аясында жемісті жұмыстардың атқарылатынына сенім білдірді.

«Түркістандағы оң өзгерістер жайлы жағымды жаңалықтарды жұртшылыққа бірінші кезекте журналистер жеткізеді. Сондықтан студенттеріміз үшін тәжірибе алмасып, білікті кадр ретінде қалыптасуы үшін барынша атсалысуымыз қажет. «Білім» туралы заңға өзгерістер енгізілген соң, біз оқу бағдарламасын әзірлеу ісінде еркіндік алдық. Соған сәйкес, теориялық сабақтардан гөрі практикаға басымдық беріп, студенттердің түрлі ақпарат құралдарында тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалатын болады. Осы тұрғыда Қазақстан журналистер одағының облыстық филиалымен арада қол қойылған меморандумға артар үмітіміз мол», - деді университет ректоры.

Ал, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай екіжақты келісімнің аясында алдағы уақытта бірқатар шаралар қолға алынатынын атап өтті.

«Жастардың шығармашылығын шыңдайтын шеберлік сабақтары, тренингтер, форумдар мен басқа да іс-шаралар ұйымдастыру жоспарымызда бар. Сондай-ақ, студенттердің елдегі ең беделді ақпарат құралдарында практикадан өтуіне, жастар тарапынан ұсынылған медиажобаларды жүзеге асыруға Журналистер одағы тарапынан барынша қолдау көрсетілетін болады»,-деді Ғалымжан Елшібай.

Айта кетейік, аталған университетте журналистика мамандығы бойынша 100-ге жуық студент білім алуда. Жақын күндері оқу орнында радио және телестудия өз жұмысын бастамақ. Жастар аудиториясына арналған «Яссауи.FM» радиосын ашу бағытында да қадамдар жасалуда. Сонымен қатар университет пен «Оңтүстік» телеарнасының арасында да өзара ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойылды. Бұл Түркістан өңіріндегі теледидар саласы үшін қажетті білікті кадрларды даярлауға сеп болмақ.

Соңғы жаңалықтар