Түркістанда жаңадан кәсіп бастағандарға құрал-жабдықтар үлестірілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – «Менің кәсібім» республикалық әлеуметтік жобасы Түркістан қаласының халқына көмек қолын созды. Республикалық жоба аясында бір апта ішінде Бәйдібек, Отырар сынды өңірдегі бірқатар аудандармен қатар, Кентау қаласындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет басшысының тапсырмасымен бір жыл бойы жүзеге асатын республикалық жобаны кәсіпкерлер қаржыландырады. Жобаға қатысушыларға құрал-жабдықтар үшін ақшалай емес, заттай дүниелер беріледі. Ұйымдастырушылар облыс және қала әкімдігінің қолдауымен өңірдегі 70-ке жуық отбасыға демеушілік танытып отыр. Мәселен, Отырар мөлтекауданындағы көпқабатты тұрғын үйде тұратын Абдулла Суннатуллаевқа массаж жасауға арналған кереуетпен қатар, барлық қажетті жабдықтар берілді. Ол бұл кәсібін өз пәтерінде жандандырмақ ниетте. Адамдардың дертіне шипа беріп, алғысын алуды көздеп отыр. Сонымен қатар, қаладағы жалпы саны 16 отбасыға тігін, нан және тәтті тоқаштар, сандық жасау мен құрылысқа қажетті заттар үлестірілді.

«Бұл жобаға әлеуметтік жағдайы аз қамтылған, яғни күнкөріс деңгейі төмен немесе үйінде мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған, асыраушысыз қалған отбасылар өтініш қалдыра алады. Бұл жобаның ерекшелігі, ешқандай құжат талап етілмейді. Бастысы – біздің көрсеткен көмегімізді әрі қарай жандандырып, жағдайларын жақсартуы», – деді жоба авторы Айжани Нұрланова.

Жобаны жүзеге асырушылардың айтуынша, жұмысын енді бастағалы тұрған кәсіпкерлердің алдағы істері бей-жай қалмайды. Яғни қала, аудан әкімдіктері мен әлеуметтік сала қызметкерлері олардың әр қадамын қадағалап отырады. Жасаған дүниелерінің дүкендерде сатылымға шығуына көмектесіп, жарты жолда тастап кетпес үшін дем беріп отырады.

Соңғы жаңалықтар